Жаңа саяси тұрпаттағы елге айналамыз

77

0

Жаңа саяси тұрпаттағы елге айналамызОрталық коммуникациялар қызметінде  Парламент Cенатының  депутаттары, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай мен Әлеуметтік- мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Владимир Редкокашиннің қатысуымен  «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Брифингте Сенат депутаттары 6 наурызда аталмыш заңның Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылдағанын  айтты. Осыған байланысты депутаттар Ата заңға енгізілген өзгерістер мен түзетулердің мәні мен маңызын айтып, конституциялық реформаға қатысты өз пікірлерін білдірді.  
Сенат депутаты Серік Ақылбайдың айтуынша, қазіргі кезде еліміз қоғамдық қатынастардың дамуына қарай, кезең-кезеңмен ілгері басып келеді. 
– Елбасы ұсынған конституциялық реформаның негізгі мәні – мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу деп білеміз. Реформаның басты мақсаты – президенттік биліктің рөлін нығайта отырып, атқарушы билік пен Парламенттің бақылау функцияларын күшейту.    Біздің ойымызша, ұсынылған конституциялық түзетулер мемлекет пен қоғамның тарихи даму қисынына сай келеді, – деді ол.
Сонымен бірге ол қолданыстағы Конституцияның қабылданғалы 22 жылға уақыт өткенін, осы уақытта еліміз өз дамуында орасан зор жетістіктерге жеткенін, қазір еліміздің 1995 жылмен салыстырғанда Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық бағыт бойынша орнықты әрі кезең-кезеңмен ілгерілеу арқасында мүлдем басқа елге айналғанын атап өтті.
– Бүгінгі таңда Қазақстан еуразиялық кеңістікте әлеуетті мүмкіндігі зор мемлекетке, ал Орталық Азия аймағында көшбасшы елге айналды. Болашақта біз әлемнің озық дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді мақсат етіп отырмыз. Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформа дер кезінде қолға алынды, ол  әрі қажеттіліктен туындап отыр деп ойлаймыз. Оны іске асыру үшін бізде барлық қажетті зияткерлік және ресурстық әлеует жеткілікті, – деді С.Ақылбай.
Осы ретте Сенат депутаты азаматтардан жарияланған жобаға 6000-ға жуық ұсыныстардың, ал Конституцияның бірқатар нормаларына халық қалаулылары тарапынан  26 түзетудің келіп түскенін айтып, олардың барлығы арнайы құрылған Бірлескен комиссияда жан-жақты қаралғанын жеткізді.  
Одан әрі ол комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына Конституциягың 6 бабына қосымша түзетулердің енгізілгенін, оларды депутаттар бірауыздан қолдап, тиісті қаулы қабылдағанын мәлімдеді.
– Жалпы, Парламент қолданыстағы Конституцияның 25 бабына 32 түзету үшін заң қабылдады. Ол Елбасының қол қоюына ұсынылды. Қазіргі кезде Мемлекет басшысы аталған заң жобасын Конституцияның 72-бабына сәйкес Конституциялық Кеңестің қарауына жіберді, – деді ол.
Кездесуде Сенат депутаты Владимир Редкокашин де «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның мәні мен маңызын айтып, бүгін-ертең оған Елбасы қол қоятын болса Қазақстан жаңа саяси тұрпаттағы елге айналатынын айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз