Жаһандық жарыс дүбірі

60

0

Жаһандық жарыс дүбіріАлматы қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарына арнайы барған «Сыр бойы» газетінің тілшісі Мөлдір Қалымбет айтулы шара жөнінде хабарлайды. 
Ауылда той болатын үйді бірден білесің. Онда ағайындар жиылып, қазан-ошақ дайындап, абыр-сабыр күйге енеді. Бүгінде сол ауылдың кейпі Алматыға жеткендей. Себебі алып шаһарда бүкіләлемдік қысқы «Универсиада-2017» ойындарына дайындық қызу жүрді. Бұған біз байрақты бәсеке алдында халықаралық және республикалық БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған баспасөз турында көз жеткіздік. Әлемнің әр түкпірінен жиналған әріптестермен бірге дүбірлі дода жайында пікір алмастық, бірнеше спорт нысанын араладық, шараны өткізу, сайысқа қатысушыларды қабылдау аясындағы қала инфрақұрылымының әзірлігімен танысып, жарыстың ашылу салтанатына қатысуға мүмкіндік алдық.
Қысқы универсиадаға 57 мемлекеттен келген 2 мыңға жуық спортшы қатысатыны белгілі болды. Жарыс спорттың 12 түрі бойынша өткізілуде. Көптен күткен бәсекенің жоғары деңгейде болуы үшін қала маңынан қысқы ойындарға арналған 10-ға жуық нысан белгіленген. Оның ішінде «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндерінің кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені, 12 мың көрерменге арналған «Алматы Арена» мұз сарайы мен «Халық Арена» мұз аренасы бар. Бес мың адамды қоныстандыруға есептелген атлетикалық ауыл да қонақтар үшін жайлылығымен ерекшеленіп тұр. Мұндағы тұрғын үй корпустары тұрмыстық блоктармен қоршалған, ғимараттың «Welcome» алаңындағы мерекелік акциялар мен шоу спортшылардың демалуына кедергі келтірмейді. Осы тұста шеттен келген мыңдаған қонақты жайлы жерге жайғастырып, қазақы қонақжайлығымызды таныту, олардың қауіпсіздігін қадағалау мәселесі жіті назарға алынғанын айту керек. 
Универсиада дирекциясы баспасөз қызметінің департамент жетекшісі Гүлшат Сүйіндіковамен тілдескенде де, ол жарыстың өтуіне қатысты 800 үрдістен тұратын функциялық жоспар әзірленгенін айтты. Функциялық жоспардың ішінде аккредиттеу, спорттық сервис, брендинг, ойын кейпі, еріктілерді тасымалдау, медициналық қамту, жарияланымдар, ашылу мен жабылу салтанатын өткізу және делегацияларға қызмет көрсету, тағысын-тағы бар. Сонымен қатар, әлемдік масштабтағы оқиғаны көрерменге ұсыну үшін, төртінші билік өкілдерінің жұмысына барынша ыңғайлы жағдай жасау мақсатында кешендерде комментаторлық кабиналар, баспасөз орталығы мен бірнеше микс-аймақтар ашылған. Бүгінде универсиаданы 7 халықаралық арнаның көмегімен 80 елдің 1 млрд.-қа жуық халқы тамашалай алады. Ал қазақстандықтар «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Хабар» және «Kazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көру мүмкіндігіне ие. Жарыста 6500-ге жуық құқық қорғау қызметкерлері қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігіне жауап берсе, 3 мың ерікті ұйымдастыру ісінде белсенділік танытуда. Олардың 100-і халықаралық, тағы 100-і еліміздің әр аймағынан тартылған. 
Жаһандық жарыс дүбірі
Алматыдағы СДУ-дың студенті Әсел Бейсембаева да осы еріктілер қатарында. Қонақтарды күтіп алып, кез келген жағдайда оларға көмек көрсетуге, делегациялар мен жанкүйерлердің өзін жайлы сезініп, Универсиададан жақсы әсермен қайтуына барын салып жүрген студент қыз ерікті атану кейін үлкен өмірлік тәжірибе болатынына сенеді. Сондай-ақ, әлемнің сен тұр мен атайын деген студент спортшыларының басын қосқан байрақты бәсекенің бізде өтуі үлкен мәртебе ғана емес, елімізді әлемге танытудың тағы бір құралы екенін айтады.
– Универсиада арқылы ортақ идеяны ұстанып, бойында позитивті энергиясы тұнып тұрған адамдармен таныстым. Бұл жарыс еліміз үшін үлкен абырой, ол туризмнің дамуына қозғау салады. Оны сәтті өткізудің арқасында Қазақстан келешекте Олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндік алады деп үміттенемін. Отандастарым секілді мен де Қазақстан құрамасынан үлкен нәтиже күтемін, жүлдегер атану жолында оларға ешнәрсе кедергі болмайды деген ойдамын, – дейді Әсел. 
Ресейдің Красноярск қаласынан келген «Искусство и жизнь» журналының тілшісі Василий Казаков та намысты доданы өткізу арқылы қазақ елінің әлем назарында болатынын, ол халқымыздың әлеуетін паш етуге мол мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, универсиаданы өткізу арқылы біз өзімізді әлемдік қауымдастық алдында ірі халықаралық жарыстарды өткізе алатын ел ретінде танытып, қажетті деңгейге сай келетін инфрақұрылым жасақтап, олимпиада ойындарын қабылдауға қабілетті екенімізді дәлелдей аламыз. Сондай-ақ, В.Казаков 2019 жылы Универсиада ойындары Ресей Федерациясының Красноярск қаласында өтетінін айтты. Естеріңізде болса, бұған дейін ресейліктер 1973 жылы Мәскеуде және 2013 жылы Қазанда жазғы Универсиада ойындарын ұйымдастырған болатын. Жаһандық жарыс дүбірі
Бәрін айтта бірін айт. Қазір төрткүл дүние төсін дүбірге бөлеген сайыс жайлы ТМД елдері арасынан алғаш болып қысқы Универсиада ойындарын өткізіп отырған біздің ел төңірегіндегі пікір осындай. 29 қаңтар күні  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Алматы-Аренадағы» ашылу салтанаты туралы да жер-жерде айтылып жатыр. Қатысушы ретінде біз де ауқымды шара қонақтардың көңілінен шықты деп айта аламыз. Өйткені мұндағы әсер тым өзге болды. 12 мың адамды құшағына сыйғызған алып сарайда халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрiнен сыр шертетiн «Ұлы дала елі» қойылымы қойылып, суырып салма ақындар арнау айтты. Ат құлағында ойнаған шабандоздар көк туды желбiретiп, ұлттық ойындар паш етілді. Зарина Алтынбаева, Димаш Құдайбергенов секілді жағымды дауыс иелері әннен шашу шашып, тыңдарманын серпілтті. Әйгерім Қалаубаева, Алмас Кішкенбаев, Қайрат Нұртас, Кәмшат Жолдыбаевалар айтулы додаға жазылған арнайы әнді орындады. Ең бастысы, алау эстафетасының жаңаша сипат алғаны байқалды. Еліміздің барлық өңірін аралаған эстафетаны көбісі күнделікті дүние ретінде қабылдаған болуы мүмкін, әрине. Алайда бұл шараның түбінде ұлттық құндылық жатыр. Ертеде қандай да бір жаңалықты хабарлау үшін, қандайда бір жұмысты атқару үшін ата-бабаларымыз биік таудың басына от жағып, белгі берген. Мұны байқаған ел сол орталыққа жиылған. Ашылу салтанатында да Универсиада ұйымдастырушылары осы үрдістің заманауи жолын тауып, алауды бір жерде тоғыстырды, шараның ашылуына жұдырықтай жұмалайық деген ишара білдірді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыны ескере келе, айтулы доданың ұйымдастырылуы тиісті жолға қойылғанын айтты. Жаһандық мерекені әзірлеуге атсалысқандарға, Халықаралық студенттік спорт федерациясы мен оның президенті Олег Матыцинге алғысын  білдірді. Ал мәнерлеп сырғанаушы Айза Иманбек қазақстандық  спортшылар атынан адал тартысты қамтамасыз етуге ант беріп, жанкүйерлерді қолдауға шақырды.
«Қанатыңды кең серпі!» ұранымен өтіп жатқан биылғы доданың, мәртебесі зор жарыстың қазақстандықтар үшін қаншалықты жемісті боларын енді уақыт көрсетеді. Бұл сында тек жас спортшылар, студенттер сынға түседі дегенімізбен, жас қырандардың томағасын сыпырып, топқа түсетін кезі жетті. Бала қыран, жастайынан аңға түсіп, ауызданса, үлкен олжаны қағады деген бар. Оған қоса біз құсбегілері талай қыранның қанатын қатайтып, қызылға тырнағын батыртқан елдің ұрпағымыз. Сондықтан болар,бұл додада ел намысын қорғайтын оғландардың қанжығаны майлап, әлем алдындағы абыройды тағы бір асқақтарына үміт мол.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Қызылорда-Алматы-Қызылорда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз