Жаңақорғанда жарқын істер жалғасын табады

77

0

Жаңақорғанда жарқын істер жалғасын табадыҚазақ хандығының 550 жылдығы аясында Сыр өңірінің Жаңақорған
ауданында аудан әкімі Руслан Рүстемовтiң тікелей бастамасымен «Туған
жерге тағзым» атты экспедиция ұйымдастырылып, деректі фильм түсіру
басталып кетті. «Жаңақорған – 2015» девизімен өтіп жатқан шараның
қамтыған мәселелері ауқымды.

 Аталған
идеяның авторы – аудан басшысы Руслан Рүстемов, ал сценарийін әзірлеуші
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер  – Адырбек
Сопыбеков. Деректі фильмді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, режиссер, Жаңақорған топырағының
тумасы Қалила Омаров түсіруде.

Аудан көлеміндегі тарихи-діни
ескерткіштерді негізге алған «Туған жерге тағзым» акциясына Астана
қаласынан филология және философия ғылым­дарының докторы Досай
Кенжетайұлы жобаға ғылыми кеңесші ретінде қатысты. Ғалым  аудандағы
Қорасан Ата кесенесінен бастап, ислам дінін Сыр өңіріне алып келген
Айқожа ишан және Қойлақыата, өзге де нысандар төңірегінде өз пікірін
білдірді. 
Деректі фильмді  түсіру барысында аудан басшысы Р.Рүстемовтiң экспедиция
мүшелерімен өз ойларымен бірге бөлісіп жүрді. Сапар барысында Руслан
Рүстемұлы қасиетті дініміздің күш-қуаты елдің тұтастығына, жас ұрпақтың
ұйым­шыл­дығына, ал ескерткіштер мен кесенелер шоғыры отандық туризмді
дамытуға игі ықпалын тигізетінін атап көрсетті.
– Жаңақорған ауданында Азия ғана емес, өркениет елдеріне белгілі Айқожа,
Қорасан-ата (Әбжәлел баб), Қылышты Ата, Телегатай секілді діни-рухани
ес­керт­кіштердің болуын Алланың шапағаты деп  бағалағанымыз абзал. Енді
Сырдария өзенінен өтетін үлкен көпірдің арғы бетіне сол
ғұламаларымыздың бірі аңыздағы қылышын, бірі найзасын ұстап тұрған
ескерткіштер аллеясы тұрғызылса, ұр­пақтан-ұрпаққа үлгі етерлік дүние
болар еді, – дейді Қалила Омаров.
Акция барысында белгілі қаламгер Адырбек Сопыбеков ой-толғаныстарын
ортаға салып, тартымды әңгіме өрбітті. Бұл орайда аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы, зиялы ағаларымыздың бірі Зинабдин Шермағанбетовтiң
салиқалы ұсыныстары пайдаланылды. Р.Рүстемов аудандағы Сығанақ пен
Сауран қорған­дарының арасын алып жатқан қазақ тарихына қатысты
деректерді қолға алу аса жауапты әрі маңызды екендігіне айырықша
тоқталды. Осыған орайластырыла түсіріліп жатқан фильм үстіміздегі жылы
экранға шығып, оның тұсаукесері алдағы уақытта Астана, Алматы
қалаларында өткізілмек.
Жобаның басты қаржылай демеушісі – Күкірт қышқылы зауыты әкімшілігіне
үлкен алғысын білдірген режиссер Қалила Омаров Елбасы бастамасына сай
ұлт руханиятына баса көңіл бөліп отырған аудан басшысына алғысын
білдірді.
Расын айту керек, ауданға  Руслан Рүстемов  басшы болып келгелі аймақта
іргелі жұмыстар қолға алынды. Аудан басшысының өлкедегі осындай ұлтқа
қатысты үлкен істі жүйелеуді  қолға алғанын да құптауымыз керек.  Бұл
жас ұрпақ үшін де, аймақтағы мектеп оқушыларының тарихи танымын арттыру
 және  өлкетану үшін де өте қажет.
Бұл ғана емес, жақында Жаңақорған ауданының Қақпа жайлауында облыстық
бірінші малшылар слеті өтті. 1996 жылдан кейін ұмыт қалған бұл басқосуды
өткізу туралы  мәселе әкім Р.Рүстемовтiң бас­тамасымен көтеріліп, аймақ
басшысы Қырымбек Елеуұлынан қолдау тапты. Республикалық ауқымда өткен
бұл шараға ата кәсіпті тіршілік өзегіне айнал­дырған мыңдаған
шаруа-малшылар қатысты. Екі күнге созылған шарада  фер­мерлер тәжірибе
алмасып, көрмеде өз еңбектерін таныс­тыруға мүмкіндік алды.Слетке Ауыл
 шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров қатысып, малшылар слетін
тәуелсіздік  алғалы алғашқы болып Қызылорда облысы өткізіп отырғанын
айтты. Мұндай игі істер мал шаруашылығын өркендетуге септігін
тигізетініне сенім білдірді.Осы ретте айта кету керек, Қызылорда облысы
қазір «Сыбаға» бағдарламасын тиімді жүзеге асырып отырған аймақтардың
көшін бастап тұр.
Малшылар слетінде ауыл шаруа­шылығының әр саласында еңбек етіп жүрген
бір топ үздік шаруаларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтап,
сый-сияпатын көрсетті. Айта кетейік, биыл облыста қуаты жылына 7 мың
тонна тоқты етін өңдейтін ет комбинатын және ірі мал бордақылау алаңын
салу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ «Сыбаға», «Құлан» мен «Алтын
асық» бағдарламасы бойынша да аймақ республикада алдыңғы қатарда келеді.
Малшылар слетінде ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүр
ұлықталды. Қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу мен қол күресі және арқан
тарту сияқты ұлттық ойындардан бәсеке өтті.
Біздің айтпағымыз, облыста орны бар ауданды басқарып отырған Р.Рүстемұлы
алдағы уақытта да Жаңақорған үшін жарқын  боларлық істерді
жалғастырмақ. Сондықтан жаңашыл басшының жұмысының нәтижелі боларына
сеніміміз мол.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, Құдайберген ЕРТАСОВ

«Айқын» газеті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз