Жаңашыл бастамалары мол аудан

34

0

Жаңашыл бастамалары мол ауданКелер жылы Сырдария ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов ауылында күн көзінен электр қуатын шығаратын станса салынатын болады. Үлгілі ауданның іргелі жұмыстарын Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде баяндады.
Тәуелсіздіктің мерейлі 25 жылдығын құттықтаумен бастаған аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы, жыл басынан бері ауданның барлық саласында өсім бар екенін айтты.
– Бүкіл ел үшін айтулы мерекелерге толы биылғы жылды да ауыл еңбеккерлері табысты қорытындылады. 2016 жылдың қорытындысымен Сырдария ауданы облыста «Егін шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудан» номинациясымен марапатталды. Ауданда әртараптандыру бағытында күріштен басқа дақылдар бойынша көрсеткіштер артығымен орындалды, – деді аудан әкімі.
Аудандық бюджеттің кіріс бөлігі 7 млрд 268,4 млн теңге көлемінде, оның ішінде өз кірістері 4 млрд 328,3 млн теңге көлемінде нақтыланған.
Салық базасын ұлғайту мақсатында ауданда бірқатар жұмыстар жасалып келеді. Атап айтқанда, мамандандырылған ауданаралық эконо­ми­калық сотына «КазГерМұнай» БК ЖШС-ның теңгеріміндегі Сырдария ауданында орналасқан жылжымайтын мүліктерін мем­лекеттік тіркеуден өткізуді міндеттеу туралы талап арыз беріліп, нәтижесінде 47 объекті мемлекеттік тіркеуден өткен. Осы жұмыстардың нәтижесінде басқа мұнай компаниялары тіркелмеген нысандарын тіркеуден өткізіп, нәтижесінде кіріс 922,0 млн теңгеге ұлғайған.
Аудан бойынша осы жылдың 1 қарашасына дейін шығындар жоспары 5 млрд 685,7 млн теңгеге немесе 99,2 пайызға орындалған. Ал, жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау есеп шоттарына 23,6 млн теңге түсіп, оның 9,2 млн қаржысы елді мекендерді көркейту-көгалдандыру, абаттандыру мақсаттарына жұмсалған.
Аудан аграрлық болғандықтан ауыл шаруашылығы дақылдарынан майлы, дәнді дақылдар, бақша және көкөніс, картоп өсіріледі. Мал шаруашылығының негізгі бағыты етті және сүтті мал өсіру.
Биыл 29850 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, 18360 гектар күріштен 104 мың 214 тонна күріш салысы жиналып, орта өнім әр гектарына 56,7 центнерден келді. Сонымен қатар, Айдарлы ауылдық округіне қарасты «Орда» шаруа қожалығының төрағасы Мейірбек Тасболатов 100 гектарға «Торпедо» сортты қауын егіп, 2770 тонна өнім алды, орта өнім гектарынан 277 центнерден келіп, өндірген өнімі Ресейге жіберілді.
Ауданда бюджет қаражатынан тыс инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін ірі өндіріс саналатын «Жан-Арай жем» ЖШС «Сор құдық» көліне қаз асырау мақсатында 100 млн теңге инвестиция салып, құс өсіруді қолға алды.
Ағымдағы жылдың он айында аудан экономикасына 13 млрд 275,0 млн теңге негізгі капиталға инвестиция тартылып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жергілікті бюджетке 163,9 млн теңгенің салығы түскен. 5707 адам жұмыспен қамтылса, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,7 пайызға артық меже болып отыр.
2016-2020 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасы аясында кент және ауылдық округтер бойынша 83 жоба бекітілсе, оның 51-і жүзеге асырылады деп күтілуде. Қазірге дейін 45 жоба іске қосылып, 339 жаңа жұмыс орындары ашылған. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде ауданнан облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына мемлекеттік грантқа құны 22,8 млн теңгені құрайтын 12 жоба ұсынылды. Оның ішінде «Ансар М» ЖШС айналым қаражатын толықтыруға «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 50 млн теңге қаржы алды.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» Микроқаржы ұйымы ЖШС жанынан құрылған кеңестің қарауына аудан бойынша 219,4 млн теңгені құрайтын 41 жоба ұсынылды. Қазіргі таңда 17 жоба қаржыландырылып, қалған жобалар алдағы уақытта жүзеге асатын болады. Ал облыстық «Бастамаларды қолдау» бірлестігіне ауданнан 16 жоба ұсынылып, құны 4,0 млн теңге болатын 4 жоба мақұлданды.
Ауданға шетел инвестициясын тарту мақсатында Германия және Ұлыбританияда орналасқан ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, «Күн көзінен электр қуатын шығаратын станса салу» және Шаған ауылдық округінде орналасқан 3000 бас мал бордақылау алаңы жанынан қосымша шағын кәсіпорындар салу жобасын жүзеге асыру мақсатында «Гринквест Сырдария» серіктестігі құрылды. Аудан әкімдігі мен серіктестік жетекшелері арасында меморандумға қол қойылды. Жобалардың құны 40,0 млрд теңге. Жоба толық іске асқаннан кейін 30 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Бүгінгі күні 200 гектар жер учаскесіне топографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Құрылыс саласы да 105,9 пайызға артқан. Биыл аудандық бюджет есебінен Н.Ілиясов ауылындағы әкімшілік ғимаратын салуға 35,6 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. «Аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша Тереңөзек кентіндегі көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту мақсатында 4 көпқабатты тұрғын үйге аудандық бюджет есебінен мамандандырылған «Сырдария-Нұрдаулет» ЖШС арқылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жос­парында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің қатарына жатқызылған. Бүгінгі таңда аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған көзден таза ауыз су ішіп отыр. Биыл С.Сейфуллин ауылында тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу желілерінің құрылысы аяқталды.
Үстіміздегі жылы Шаған ауылындағы №37 орта мектеп ғимараты 75 орынды балабақшаға, Айдарлы ауылындағы бұрынғы клуб 50 орынды балабақшаға айналады. Және Тереңөзек кенті мен Шаған ауылында 50 орынды жеке балабақшалар ашылған. Осылайша 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайыздан асып отыр. Сонымен қатар, Шіркейлі ауылындағы №129 мектептің бос тұрған ескі ғимаратын тиімді пайдалану мақсатында әуез мектебі және Шаған спорт мектебінің филиалы ашылған.
Бүгінде ауданда үш ауысыммен оқитын, апаттық жағдайдағы мектептер мүлдем жоқ және мектептерде орын жетіспеушілік мәселесі толық шешілген. Жалпы аудан әкімдігі білім беру саласына үнемі басымдық беріп, аудан қазынасының 60-70 пайызын осы салаға бағыттап келеді.
 Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз