ЖАРАҚАТ АЛҒАНДАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

48

0

20-нан 21 ақпанға қараған түні Қызылордада күн райының күрт құбылуынан болған көктайғақтан 78 адам түрлі жарақат алып, облыстық медициналық орталықтың қабылдау бөліміне жүгінген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз жетекшісі Нұржамал Тұрсынбаеваның айтуынша, 4 адамның миы шайқалған, олар қазір орталық аурухананың нейрохирургия бөлімінде жатыр. Сондай-ақ, 4 адам сынық жарақат алғандар бөліміне жатқызылған. Кешкі сегізден басталған қарбалас таңға дейін жалғасқан. Қаралушылардың көбіне алғашқы көмек  көрсетілген. Бүгінде қала көшелерін тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сейсенбіде жауған қар аралас жаңбырдан болған көктайғақ салдарынан сәрсенбі күні қала бойынша бастауыш сынып оқушыларының сабағы тоқтатылды.

21 ақпан күні түске дейін облыс бойынша көктайғақтан зардап шеккендер саны 113-ке жеткені мәлім болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың 17-сі облыстық медициналық орталыққа жатқызылған, оның ішінде 4-і бас ми жарақатымен нейрохирургия бөліміне, 5-і түрлі сынықпен травматологияға, 6-ы қалалық аурухананың травматология бөліміне жатқызылса, 2-і  Жалағаш, 1-і Сырдария аудандық ауруханасында ем алуда.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз