ЖАС ЗИЯТКЕР «АЛТЫН МЕДАЛЬ» ИЕЛЕНДІ

75

0

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практи­калық орталығы жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсын өткізіп тұрады. Биыл конкурс Алматы қаласында 13-16 ақпан күндері оқушылар сарайында ұйым­дастырылды.

Әр қаладан келген білімділердің байрақты бәсеке­сінде жүзден жүйрік шыққандар ақтық кезеңге жолдама алды. Сайыстың соңғы кезеңі 747 оқушының 592 ғылыми жұмысын қамтыды. Аталған ­конкурста Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыт­тағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқу­шысы Бақытжан Даниярбек «Дүниежүзі тарихы, адам және қоғам» секциясы бойынша «Қазақстанның интеграциялық мүмкіндіктері» тақырыбында өзінің ғылыми жобасын қорғады. Тарих пәнінің мұғалімі Нұркен Абджалиев жетекшілік еткен оқушының бұл жобасы қазылар алқасының шын ықыласын аудартты.

Талабы мен ережесі қатал сайыста қатысушыларға көптеген ситуациялық сұрақтар қойылып, академиялық білімдер мен дағдылар талқыға түсті. Еліміздің әр түкпірінен жиылған білімділер бәсекесінде жерлес­теріміздің еңбегі еленіп, конкурстың қорытындысы бойынша Бақытжан Даниярбек І дәрежелі дипломмен және алтын медальмен марапатталды. Ерекше көзге түскен еңбек авторының жетекшісі Нұркен Абджалиев те «Білім беруге қосқан үлесі үшін» төс белгісін иеленді.

Жеңіс тұғырынан көрінген жас зияткер мұнымен тоқтап қалмай, Қостанай қаласында Құқық негіздері пәнінен өтетін пәндік олимпиадаға дайындықты бастап кетті.

Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз