Жасөспірімдер футболына мән беріледі

31

0

Жасөспірімдер футболына мән беріледіАтқару комитетінің мәжілісі өтіп, ақпан айының жұмыстары қорытындыланды. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қарастырылып, соған сәйкес шешімдер шығарылды.
Атап айтқанда аймақтағы 2014 жылғы футбол додаларының кестесі бекітіліді. Биыл Қызылорда облыстық футбол федерациясының аясында барлығы 46 аяқдоп додасы ұйымдастырылмақ. Оның жартысынан көбі балалар-жасөспірімдер арасындағы турнирлер.
– Әлбетте, ересектер мен ардагерлер арасында да футбол додаларын өткізе береміз. Дегенмен, басты акцентті балалар мен жасөспірімдерге қоюымыз керек. Өйткені, біздің болашағымыз осылар. Кейін солардың арасынан Республикалық, халықаралық деңгейдегі футболшылар шығып жатса, бұл біздің еңбегіміздің жемісі болмақ. Сондықтан, аймақта өткізіліп жатқан турнирлердің жетпіс пайызы балалар мен жасөспірімдерге арналса деген ұсынысым бар, – деп Қызылорда облыстық футбол федерациясының Президенті Нұржан Әлібаев Атқару комитетінің бұған дейінгі отырыстарында да әрдайым айтып жүретін. Атқару комитетінің мүшелері тұсіністікпен қарап, ұсынысты бірауыздан қабылдады. Нәтижесінде Қызылорда облысында ұйымдастырылатын 46 футбол додасының 26-сы балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін болып бекітілді.
Бұдан бөлек, мәжілісте аймақтағы инфрақұрылымды дамытып, әр орта мектептің аясында футбол алаңдарын салу мәселесі қарастырылды. Яғни, алаңдар мектептердің балансына берілгенімен облыстық футбол федерациясының да турнирлерін өткізіп тұратындай амалдар қарастырылды. Сонымен қатар, ақпанның 18-і мен 26-сы аралығында Алматы қаласында өткен футзалдан ардагерлер арасындағы ҚР чемпионатында өнер көрсеткен қызылордалық футболшылардың нәтижесі бағаланды. Естеріңізге сала кетейік, былтырғы ел біріншілігінде чемпион атанған Сыр өңірінің ардагерлері биыл үздік үштіктен көрінген болатын. Жалпы, Атқару комитетінің бұл отырысы ұсынысқа толы болып, көптеген мәселелердің шешілу амалдары қарастырылды. Келешекте шәкірті кәсіпқой клубқа шақырылған балалар-жасөспірімдер бапкерлерін ынталандыру жолдары да ойластырылатын болып шешілді. Қызылорда облыстық футбол федерациясының басты мақсаты – аймақтағы инфрақұрылымды дамыту мен балалар футболына басты назар аудару болып қала бермек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз