Жастар тәрбиесіне жаңа пән ықпал етеді

49

0

Жастар тәрбиесіне жаңа пән ықпал етедіМ.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде облыстық білім басқармасы және БҰҰ-ның халықтың қоныстану саласындағы қоры өкілдерінің ұйымдастыруымен ата-аналармен кездесу болып өтті. Оған облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова, БҰҰ-ның халықтың қоныстану саласындағы қорының Қазақстандағы өкілі Райымбек Сисемалиев, Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының маманы Бағдат Сибанбаева және «Өркениетті Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің президенті Жақып Шаймұханбетұлы мен ата-аналар қатысты.
Кездесуде арнайы дайындалған «Валеология» курсын облыстағы 15 колледжге енгізудің мақсаты жайлы қоғамды ақпараттандыру туралы  қозғалды. Алдымен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ш.Жүнісова шараның маңыздылығына тоқталып өтті. 
Қазіргі кезде қыздардың 15-19 жас аралығында жүкті болуы көптеп тіркелуде. Жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ауру жұқтырған жастар да аз болмай тұр. Осы тұрғыда еліміздегі колледждерге «Валеология» пәнін енгізу жоспарланған. Бұл бастаманы алғаш болып жүзеге асырған Шығыс Қазақстан облысының өкілі Бағдат Сибанбаева «Валеология» пәнін енгізгендегі жеткен нәтижеге тоқталып, қалай жүзеге асып жатқандығы жайында әңгімеледі. 
БҰҰ-ның халықтың қоныстану саласындағы қорының Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев  2014-2016 жылдары Қызылорда облысында БҰҰ жүйесінің агенттіктері мен ҚР Үкіметі арасында бірлескен бағдарлама жүзеге асырылып келе жатқанын айтты. Ол жергілікті халыққа экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметтер көрсетуге, инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы игілік пен өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған. 
Ал жиында сөз алған «Y – Peer Қызылорда» ерікті жастар қозғалысының мүшесі Айдана Мұхитқызы жастардың жаман әдетке бой алдыруына жол бермес үшін қоғамдық шараларға белсенді атсалысуға шақырды.
Шара соңында ата-аналар да өз ойларымен, пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын да айтып өтті. 
Сара АДАЙБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз