Жастар жарап тұр

1900

1

Сырдария ауданында Айдарлы деген ауыл бар. Сол ауылдың жастары ел дегенде елеңдеп, қолынан келер іс болса бірігіп, бір-бірін қоштап, білек сыбанып кірісе кетуге дайын тұрады. Ізгі ниетпен жасалған жұмыстың үлкен-кішісі болмайды. Бірақ олардың осы кезге дейін атқарған еңбегі елеулі.

Бірде Айдарлының кіреберіс қақ­па­сын жаңартса, бірде мешіт жанына 150 орындық шатыр орнатып, енді бірі ауылдастардың жұмыспен қам­тылуына қарайласып, тұрғын үйден қиналғандардың баспаналы болуына атсалысып жүр. Мұны жай ғана еңбекқорлық дей алмаймыз.

Жеті жұрттың қамын жеп, туған ауыл дегенде тосылмай қызмет қылатын азаматтардың түпкі мақсаты белгілі. Күш-жігерін, жастық жалынын отбасына ғана емес, өскен ортасына да арнау, егер дәулет бітсе, қарғадай басып емес, сұңқарша шашып жеуге ұмтылады. Елге деген құрметті іспен дәлелдейтін, ағайынға жанашыр азаматтар туралы Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында ерекше атап өтіп, басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкер, шенеунік, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керегін айтқан болатын.

Айдарлыда арман қуып ауылдан алыстап кеткен, бірақ туған жердің ағашы мен ауасын да басқадан бөлек көретін аға буын қай кезде де қарап қалған емес. Сол ниеттің арқасында, ауылдың ажарын арттырып, еңсесін биіктеткен кіре беріс қақпа орнатылып, Сәдуақас молда мешітінің жанында 150 орындық шатыр салыныпты. Бұл 1970-2000 жылдар аралығында Айдарлыда мектеп бітірген түлектердің өзара татулығының белгісі. Мұндай жанашырлық жастарға да жігер беретіні белгілі. Өткен жылы Рамазан айында жастар ораза ұстаған ауылдастарына күн са­йын ауызашар жасап, игілікті істі үрдіс қылған.

Жақсы істі жарысып жасайтын ауылдастардың жұмысы облыс әкімінің де назарында. Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Айдарлыдағы жастардың бастамалары басқаларға да үлгі болу керегін баса айтты.

Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасынан бөлек мүмкін­дігі шектеулі азаматқа да баспа­наның  кілтін табыстаған жас­тар­дың бірлігі «бәрекелді» де­гізбей қоймайды. Олардың басын қосып, көш бастаған Алмат Жүсіпбековке деген алқа­лаған ағайынның да, аудан басшыларының да алғысы ерек, сенімі бөлек болып тұр.

«Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деп есептей­тін айдарлылық жастар жұмыс­сыз­дық мәселесін де өздері ше­шіп алыпты. Өткен жылы Ақбостай жерінің 70 гектарына жүгері егу ісін қолға алған Досхан Болатұлы ауылдағы 7 жас жігітті жұмыспен қамтыған. «Айдарлы жа­стар» бригадасының бригадирі де ауыл тұрғыны – Әбдіғани Әбсадиаров.

Ал биыл «Айдарлы» шаруа қожалығының демеушілігімен жастар бригадасындағы 10 жігіт «Батпақкөлде» жұмыс істеуде. 3 гектар аумаққа картоп, 5 гектарға қауын, 15 гектарға жоңышқа еккен олардың жұмысы қазір қауырт.

– Ауыл жастарының ұйым­шыл­дығы елдің берекесін арттырып, қуанышын еселеді. Жастар өз қаржысы есебінен 8 наурыз –халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында 8 отбасыны азық-тү­лікпен қамтамасыз етсе, 2 жас батыр анаға арнайы сыйларын ұсынды. Биыл еріктілер екі жал­ғызбасты ананың үй аумағын темір шарбақпен қоршап, 3 қарт кісінің ауласын тазартты. Тө­тенше жағдай кезінде де қарап қалмай, көмекке зәру 26 отбасыға азық-түлік таратып, 2 мың дана маска үлестірді. Сонымен қатар, ауыл маңындағы блок-бекетке жолаушылар температурасын өлшейтін термометр құрылғысын тарту еттік, – деді ауылдық әкімдіктің жастар ісі жөніндегі маманы Өмірзақ Есболатов.

Бұл – Мағжан Жұмабаевтың «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап» деп бас­талатын өлең жолдарындай жас­тық жігерін жанып жүріп ел­ге болысқан бүгінгі буынның жетістігі.

Жаңақорған ауданындағы «Жаңарған Жаңа­қорған жастары» ұйымы да елдің аузында. Жүзден ас­там ерікті жасты біріктірген ұйым баспанаға қол жеткізуді армандаған, тұрмысы төмен бір­неше отбасыға асарлатып үй салып берді. 2018 жылы бір отба­сыға 4 бөлмелі үй тұрғызса, былтыр бір шаңы­рақтың қоныс тойын тойлауына себепкер болды. Ал, осы айда жалдамалы пәтерде тұрып келген Бі­жікеевтер отбасына баспана кілтін табыстап, қуанышқа бөледі.

Иә, бұдан 4 жыл бұрын жұртқа жақсылық жасасақ деген ниетпен ай сайын мұқтаж отбасыларға азық-түлік апарып тұруды әдетке айналдырған Жаңақорған жастары жыл өткен сайын адамдарды қуантудың сан түрлі жолы барын дәлелдеп келеді. 

Танымал айтыскер ақын Ақ­­марал Леубаева бастамашы болған «Анаға хат», «Әкеге хат» жобаларын Жаңақорғанда жал­ғастырды. Бала тілегі мен ал­ғаусыз көңілін ата-анаға жет­кізген жобада жеңімпаздарға кә­сіпкерлер демеушілігімен ба­ғалы сыйлықтар табыс етілді. Олар аудан орталығынан әлеу­меттік дүкен ашудан бөлек, бизнес бастағысы келген жандарға керекті құралдарын да сатып алып береді. Сондай-ақ, «Ауылдан – Олимпиадаға» дейін жобасы аясында өңірден шыққан спортшылар мен жастардың кез­десуін ұйымдастырған. Ал, Арыстағы төтенше жағдайдан соң сол жақтағы ағайынға 12 тон­на азық-түлік пен киім-ке­шек, 2 миллион теңге табыс етті.

Осылайша мұғалімнен бастап кәсіпкерге дейінгі әртүрлі сала мамандарын біріктірген «Жа­ңарған Жаңақорған жастары» ел­дің материалдық қана емес, руханият тұрғысында да қажетін өтеп келеді.

Ең бастысы, мұндай жас­тар ізгі ниет пен тату тірлік адамдардың жылдар бойғы арманын орындауға қауқарлы екенін көрсетіп жүр. Айтпақшы, ерікті жастардың жақсы істері өзге де аудандарда жалғасуда.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<