Жастарға жұмысшы мамандықтар насихатталды

144

0

Жастарға жұмысшы мамандықтар насихатталды Мамандық таңдау жасөспірім кезеңдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Әр адам ерте ме, кеш пе өз өмірінде «Мен қандай мамандық иесі боламын?» деген сұрақтарға жауап іздейді.
Бала үшін болашақ мамандықты  таңдау  өмірлік  жолын дұрыс таңдаумен  бірдей. Өкінішке орай, біз, балалардың таңдауының ақылмен емес, біреудің сөзіне ере отырып, немесе ата-анасының ықпалымен «қай жерге оқуға түсу оңай» деген көзқарастар мен болып жатқанын байқаймыз. Басқаша айтқанда, бүгінгі күні жасөспірімдердің жеке тұлға ретінде мамандық таңдауда дұрыс  бағыталуы  және  оған  бейімделу мәселесі туындауда. Яғни, мамандық таңдауда оқушыға өз ақыл-ойымен, дұрыс шешім  қабылдау  үшін мектеп қабырғасындағы кәсіби бағыт-бағдар берудің маңызы зор. Осындай мақсаттарды іске  асыруда мектебімізде түрлі деңгейдегі жүйелі жұмыстар жасалуда. Атап айтар болсақ, кәсіби бағыт-бағдар беруге арналған апталықтар, ЖОО-ның студенттерімен, қызметкерлерімен және  аймақтағы өз саласының майталман мамандарымен өткізілген кездесулерді айтуымызға болады.  Бұған қоса, жақында ғана өткізілген тағы бір маңызды шараны айтуымызға болады.
Қазіргі таңда мектебімізде 9 сынып оқушыларының саны – 69 десек, оның 20-дан астамы жұмысшы мамандықтарын игеруге қызығушылық танытуда. Жастардың жұмысшы мамандығын тегін игеруі туралыЕлбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын күллі ел жылы қабылдады.
Ел Президентінің ұсынысы бойынша үстіміздегі жылдан бастап «Баршаға тегін  кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске қосылуда. Яғни, мұндай жоба арқылы Қазақ¬стан жас¬тары толық¬қанды жұмыспен қамта¬масыз етілетін болады. Елбасы жастарға жұмысшы мамандықтарын меңгеруге бағыт берді. Мұның жастар үшін өмірлік тәжірибе ретіндегі маңызы зор екендігін айтып өтті. Жалпы ел Президенті жұмысшы мамандығы туралы бұрыннан шегелеп айтып келе жатыр. Осындай зор мүмкіндікті қолдана отырып, жас мамандар елге еңбек етсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Осы орайда, қаламыздағы «Байқоңыр Индустриалды Техникумына» экскурсия жасалып, оқу орнының тыныс-тіршілігі мен ондағы оқытылатын мамандықтардың қыр-сырын оқушылар өз көздерімен көріп қайтты. Аталмыш оқу орныныңтыныс-тіршілігін көрем деген қыз-жігіттердің қарасы мол болғанын айта кету керек.
 Мектебіміздің 9 «Ә» және 9 «Б» сыныбының оқушылары қатысқан мұндай экскурсия  бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Жылда өтетін дәстүрлі шараның  мақсаты — 9 сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жандандыру, түлектердің мамандықты дұрыс таңдауына ықпал ету және жұмысшы мамандықтарын насихаттау болып табылады.
Экскурсия барысында оқушыларымыз алдымен қауіпсіздік шаралары мен оқу орнының тарихымен танысып, оқытылатын мамандықтар жайында кең мағлұмат алды. Сондай-ақ, оқу орнында  еңбек ететін ұстаздармен, оқып жатқан студенттермен әңгімелесіп, мамандықтардың қыр-сырына мейлінше қанық болды.
Қазіргі таңда оқу орны – «Дәнекерлеуші», «Аспазшы және кондитер», «Құрылыс маманы», «Автомеханик» және т.б жұмысшы мамандықтары бойынша кәсіби мамандар даярлап шығаруда. Оқу орны – білікті де, тәжірибелі оқытушылардан жасақталған. Материалдық базасы да жоғары дәрежеде. Болашақ мамандарымыз аталмыш оқу орнында теориялық біліммен қатар, практикалық тұрғыда терең білім алуда.  Оған дәлел, оқушыларымыздың өз көзімен көріп қайтқан, әр мамандыққа орай жасақталған құрал-жабдықтар.
Сондай-ақ, бұл оқу орнында оқушыларға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтар болсақ, көп балалы отбасыларға, оқуда, спортта жақсы жетістіктерге жеткен және қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласатын оқушыларға арнайы стипендия тағайындалған. Оқу орнына түсуші оқушыларға арнайы емтихандар тапсырудың ешбір қажеттілігі жоқ. Тек 9 немесе 11 сыныпты бітіргендігі туралы аттестат негізінде талапкерлер оқуға қабылданады.
Осы экскурсияның оқушыларымызға берері көп болды.Тіпті, бірнеше оқушы осы оқу орнына түсуге ниеттерін де білдірді. Себебі,олар бәрін сырттай біліп, жұрт аузынан естігеннен гөрі, осылай көріп-танысқанды тәуір көреді.Әрине, алдағы уақытта мұндай нәтижелі шаралардың жалғасын табатыны анық.
Мамандыққа деген сұраныс қоғамдағы өзгерістерге қарай әр алуан болады. Дегенмен, қай мамандықты таңдасаң да, өз салаңда кәсіби білікті, білімді маман болсаң, сені жұмыс беруші жүздің, мыңның ішінен өзі тауып алады.
Дегенмен де, өмірде әрбір адамның мамандық таңдау мен жар таңдауда қателеспеуге қақы жоқ. Себебі, зейнет жасына дейін маңдай термен еңбек етіп өзінің материалдық жағдайыңды өзің сүйіп атқаратын қызметтің және ынтымақ пен берекеге ұйыған, жас жарастығы сақталған отбасың болса ғана өмірің маңызды да мағыналы болмақ. Сондықтан да, еліміздің ертеңгі тірегі, сенім артар болашағы саналатын, егемен Қазақстанымыздың дамуы мен гүлденуі жолында аянбай еңбек ететін келешек маман иесі жастарымыз мектеп бітірген сәттен өз мамандықтарын дұрыс таңдауы керек. Әсіресе, әрбір мектеп бітіруші түлек өз мамандығын жүрек қалауымен таңдайтын болса, болашағы жарқын болары сөзсіз.
 
Байқоңыр қаласындағы №275 орта мектептің бейінді жұмыстар жөніндегі орынбасары Кожагулова Гульнар
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз