Жаңғыру жолындағы жүйелі жұмыс

78

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада ҮЕҰ мүшелерімен кездесу өтті. Елбасы Жолдауындағы адами капиталдың дамуы, жаһандық бәсекелестікке бейімделу, цифрлық технологияға көшудің маңыздылығы талқыланған жиынға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қаракөз Есбосын, «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас, жас­тар ұйымдары мен бірлестік мүшелері қатысты. Кездесуде «Туған жер» арнайы жобасы аясында қолға алынған «Атамекен» кіші бағдарламасының іске асырылуы сөз болды.

– Рухани жаңғыру – ұлттың дамуы. Елбасы ұсынған бұл бағдарламада туған жерге, мәдениет пен салт-дәстүрге ерекше көңіл бөлінген. Ол белгіленген 6 бағыт пен 4 кіші бағдарламаны қамтиды. «Атамекен» кіші бағдарламасы туған өлкені дамытуға үлес қосатын белсенді азаматтардың жобаларын жүзеге асыруды, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуді көздеп отыр. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіппен айналысып, мемлекет тарапынан жұмыспен қам­тылуына барынша көңіл бөлінеді. Бұдан бөлек, өңірлерде меценаттар, мемлекеттік органдар мен бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын талап ететін өңірлік жобалардың ашық, қолжетімді дерек қорына айналатындығы және карта платформасында волонтерлар және меценаттар базасы құрылатындығын айту керек, – деді Н.Мыңжас.

Жиында «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру» ҚБ төрағасы Бақыт Жұмашев та осы бағыттағы бастамалар барысын баян етті. Бірлестік қамкөңіл жандардың бос уақытын тиімді өткізуге ұйытқы болып отырғанын, мұнда баспахана, компьютерлік оқыту орталығы, жарнама агенттігі және жиһаз жасау цехы жұмыс жасайтынын жеткізді. Жарымжанмын деп қоғамнан жырақтамай, еңбекпен шың­далған ұшқындықтардың бұл белсенділігі көпке үлгі екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар мемлекет үкіметтік емес сектордың ұйымдастыру-құқықтық қыз­метін қамтамасыз ету, әдістемелік көмек көрсету секілді бағыттарын қолдаумен қатар, аймақтардағы азаматтық бастамаларды дамытуға үлкен мән беріп отырғанын да айтты.

Расында, қазір екіжақты байланыс беки түскен. ҮЕҰ-ның ашықтығын және қоғам алдындағы қолжетімділігін қам­­тамасыз ету үшін арнайы деректер базасы жасақталған. Жылдан-жылға ҮЕҰ ынтымақтастығы жүйелі сипатқа ие болып, тиімділігін көрсетуде. Облыстағы «үшінші сектордың» жұмысы бір жүйеге түскен. Мәселен, «Самұрық» инно­ва­ция­лық идеяларды дамыту орталығы» ҚҚ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жолға қойды. Бүгінде ол қылмыстық қысым көрген тұрғындарға көмек қолын созып келеді. Ал «Азаматтық Альянс» қауымдастығы мен «Игілік» кор­­поративтік қорының қолдауымен ашылған «Қарлығаш» шеберлер орта­лы­ғы дәстүрді жаңғыртып, ұлттық қолөнерді дамытуға атсалысуда. Мұнан өзге ұйымдар да осындай игі істердің басы-қасында жүр, бірлескен түрде алға қойылған міндеттердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етуде.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз