Жер қадірін, егіннің бабын білген

39

0

«Халық маркасы»

 Жер қадірін, егіннің бабын білгенҚазақстанда жасалған өнімді ел
ішінде ғана емес, шет мемлекеттерге де жарнамалап таныстыруда «Халық маркасы»
ұлттық жобасының маңызы зор. Оның негізгі мақсаты – «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі
қарсаңында барлық өңірлік отандық азық-түлік тауар өндірушілерінің мүмкіндігін арттыру.
Ұлттық жоба бойынша үздік деп танылған өндірушілер өз өнімін 2017 жылы Астанада
өтетін халықаралық көрмеде таныстырады. Сонымен қатар, «Халық маркасы»
белгісімен екі жыл қатарынан нарыққа шығады. Ал мұндай мәртебеге ауылшаруашылық
саласында екпінді, елеулі еңбек етіп жүрген «Сыр маржаны» серіктестігінің
өнімдері әбден лайық.

Осыдан 16 жыл бұрын Мінәжадин
Өтеев 300 гектар
жерге күріш егіп, кәсібін бастаған. Жердің қадірін, егіннің бабын білетіндердің
басын қосып шаруашылық құрды. Дәлірек айтсақ, серіктестік 1999 жылы Қызылорда облысының
Қазалы ауданында желтоқсан айынан
бастап ресми түрде жұмыс істеуде.

«Сыр
маржаны» күрішті өсірумен және оны өңдеумен айналысады. Шаруашылықтың күріш ақтайтын озық
технологиялы зауыты да бар. Онда жыл сайын 10 мың тонна күріш өңделеді. Нарыққа «Маржан», «Новатор», «Янтарь» сынды
сауда белгісі бар өнімдерін шығаруда.

Серіктестік
2014 жылы қожалыққа тиесілі 2 100 гектар жерге күріш еккен. Орта өнім – 40
центнер. Сөйтіп, күзде 8 400 тонна өнім жинаған. Ал биыл жүз жетпіске жуық жанды жұмыспен
қамтыған шаруашылық күріш егістігінің
көлемін 2 200 гектарға жеткізді. Әр гектардан орта есеппен 45 центнерден өнім
алған. Жиналған өнім – 9 450 тонна. Былтырдан мың тонна артық.

Жалпы,
жыл сайын аталған қожалық шамамен 3000 тонна күріш дәнін және 1000 тонна
ұнтақталған күріш өндіреді. Ал оны зауытта орнатылған оңтүстіккореялық
қондырғылар өңдейді. Соның арқасында күріштің сапасы өте жоғары. «Тіпті,
күрішті жуып-тазаламай-ақ, қазанға бірден сала берсе болады», – дейді
серіктестік өкілдері.

Сауда орындарында
менмұндалап көз тартып тұратын «Сыр маржаны» өнімдерінің 80 пайызы Қызылорда
облысына таратылады. Ал қалғаны еліміздің өзге аймақтары мен алыс-жақын шетелге
жөнелтіледі. Атап айтқанда, Сыр маржаны тұтынушылары арасында Ресей, Өзбекстан,
Украина, Беларусь,
Қырғызстан, Тәжікстан және Түркменстан да бар. Мінәжадин Өтеев жетекшілік
ететін ұжым алдағы уақытта экспорт ауқымын одан әрі арттыруға ниетті.

Сонымен бірге,
серіктестік жоңышқа өсіріп, мұның сыртында мал бағуды да қолға алған.

Әлем таныған Сыр күрішін
өндірушілердің бірі – «Сыр маржаны» серіктестігі
«Қазақстанда жасалған» деген брендке өлшеусіз үлес қосып келеді. Мұны еліміз
ғана емес, шетел де лайықты бағалауда. Серіктестік «Қазақстанның үздік
тауары-2014» өңірлік көрме-конкурсының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы
бойынша жеңімпаз атанды. 2014 жылдың қараша айында «Алтын сапа» сыйлығын алуға
арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсына
белсенді қатысқаны үшін ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің, ҚР Индустрия
және жаңа технологиялар министрінің алғыс-хатымен марапатталды. Сонымен қатар,
Қызылорда, Ақтөбе және Ресейдің Орынбор облысының басшыларының арнайы
дипломдарына ие болды. Басқа да жетістіктері жетерлік.

Жеке
кәсіпкер, аталмыш серіктестіктің директоры Мінәжадин Өтеев ата кәсіпті дамытқанын
әрдайым мақтан етеді және еңбегінің
бағаланғанына дән риза. Серіктестік мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта
жұмыс қарқынын күшейтіп, бұдан да биік белесті бағындыруға талпынады.

 

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз