Жермен «жарылқайтындардан» аулақ жүріңіз

52

0

Жермен «жарылқайтындардан» аулақ жүріңізАлаяқтар дегенге қандай баға беруге болады, бәлкім, адамдықтан алшақ кету шығар. Әлде, оларды құдайдан қорықпайтындар қатарына жатқызамыз ба?! Қалай десек те, алаяқтар торына түсіп қалмай, сақ жүру – бүгінгі күннің басты қағидасына айналып отыр. Өйткені, не көп, алаяқ көп, «жер алып беремін», «пәтерге кіргіземін», тағы не, әйтеуір толып жатқан «батпан құйрықтың» кәдімгі әміршісі. Ең сорақысы, онсыз да ақшаға жарымай отырған жұрттың «несие алып беремін» деп қолындағы соңғы тиынын санап әкететіндер де бар. Одан бөлек, «ұтысқа ие болдыңыз» деп қалтаны қағатындар да кездеседі.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, алаяқтыққа жалпы нәзікжандылар құмар келеді екен. Соған орай, олардың үлес салмағы басым. Департамент өткен жылы облысы көлемінде 793 алаяқтық қылмысы тіркелгенін айтады. Әрине, бұл – ресми тіркелгені, әйтпесе, талай жұрттың алаяқтардың құрғақ уәдесінен үміті үзілмей жүргендігі басы ашық нәрсе. Дей тұрғанмен, тәртіп сақшылары мешін жылындағы бұл санаттағы қылмыс қой жылына қарағанда төмендегенін айтып отыр. Нақты айтсақ, 2015 жылы 1137 қылмыс тіркелген екен.
Алаяқтық қылмыстардың ішінде жиі кездесетіні – «жер алып беретіндердің» дерегі. Ішкі істер департаменті ұсынған бір-екі мысалды назарларыңызға ұсынсақ… Өткен жылдың наурыз айында қала тұрғынынан «жер сатып алып, құжаттарын аз уақыттың ішінде заңдастырып беремін» деген желеумен 350 000 теңге көлемде ақша алып, уәдесінде тұрмағандығы жөнінде арыз келіп түседі. Аталған арыз негізінде күдікті азаматшаның жеке басы анықталып, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, бүгінгі таңда іс сотқа жолданған. 
Дәл осындай дерек бойынша 2016 жылдың 24 маусымында да арыз келіп түскен. 1979 жылы туылған қала тұрғыны 2015 жылдың маусым айында Ж.Махамбетов ауылынан «жер учаскесін алып беремін» деп сендіріп, жәбірленушіден 700000 теңге көлемінде ақша алған. Алайда айтқан уәдесінде тұрмай, ақшасын заңсыз иемденіп қалған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, заңды үкім қабылдану үшін іс сотқа жолданған. 

Н.ТАСТЕМІР.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз