Жеті адам бірігіп кісі өлтірген

36

0

Жеті адам бірігіп кісі өлтіргенҚызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жеті адамға қатысты сот үкімін шығарды. Олардың бірі адам өлтіргені, енді бірі атыс қаруын заңсыз алып жүргені үшін, ал екеуі осы адамды өлтіруге көмектескені үшін және тағы бірі атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін, ал екеуі қылмыстың жасалғаны туралы хабарламағаны үшін сотталды. Бұл туралы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Олар жалдамалы пәтерде алкогольді ішімдік ішіп отырып, бұзақылық ниетпен жәбірленушіні қасақана атыс қаруымен атып өлтіру туралы келісімге келген. Осы жоспарларын жүзеге асыру үшін олар жәбірленушінің үйіне барған. Біреуі сырттан бөгде адамдардың келіп қалмауын бақылау үшін автокөліктің ішінде қалса, оқталған шолақ мылтықпен қаруланған екеуі және қарусыз біреуі үйдің кіре берісінің 2 қабатына көтеріліп, одан әрі жоспар бойынша қарусызы пәтердің есігін қаққан. Үй иесіне есіктің сыртында тұрып, өзін «Мақсатпын» деп жалған есіммен таныстырып, жәбірленушіні шақырып жіберуді сұраған. Пәтер иесі ұлын ұйықтап жатқан жерінен оятып, танысының келіп тұрғанын айтқан кезде, соңғы орнынан тұрып, пәтердің кіре беріс сыртқы есігін ашқан. Сол сәтте қаруланған біреуі қолындағы шолақ мылтықпен марқұмның іш тұсынан 1,5 м. қашықтықтан бір мәрте оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Сотталушылар басты сот отырысында айыптарын бірі мойындап, екіншісі ішінара мойындаса, кейбіреуі айыбын мойындамады, жауапкершіліктен қашқысы келді. Алайда олардың кінәлары куәгерлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді.

Сот төрт сотталушыға 16, 14, 11 және 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаларын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеуге үкім кесті.

Қалған үш сотталушының біріне қатысты заңсыз қару сақтағаны үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылса, ал қалған екеуі қылмыстың болғанын жасырып, хабарламағаны үшін ҚР ҚК-нің 364-бабымен кінәлі деп танылып, оларға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз