Жетекші партия жұртшылықпен байланысты жетілдіре береді

47

0

Кеше «Нұр Отан» партиясы
Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс ХVII конференциясы болды. Басқосу
партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төрағалығымен өтті.
Шараға партияның аймақтық филиалдарының төрағалары, олардың бірінші
орынбасарлары, мәслихат депутаттары, партиялық бақылау-тексеру комиссиясы мен
жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің мүшелері, «Жас Отан» жастар қанатының
белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. 
Конференцияда алдымен партия
филиалының 2015 жылы атқарылатын басым бағыттары мен міндеттері қаралды. Содан
кейін «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде мемлекеттік жастар саясатын
жүзеге асыру мақсатында берілген тапсырмалардың орындалу барысы сөз болды және
облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.
Жиында баяндама жасаған партияның
филиал төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Байқадамов Елбасының жаңа
экономикалық бағдарламасы – халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған
нақты біртұтас жоспар екендігін айтты. Бұған қоса, ол мемлекет қаржысы мен мемлекеттік
бағдарламалардың орындалуына партиялық бақылау жасау сапасы күшейетінін
жеткізді. Мемлекеттік қызметкерлердің халық алдындағы жауапкершілігін тікелей
арттыру және мемлекеттік органдарды бақылаудағы партияның рөлін арттыратынын
тілге тиек етті. Ең бастысы, партия қоғаммен байланыс жұмысын одан әрі
жетілдірмек.
– Шалғайдағы шаруаның,
ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын орталыққа жедел жеткізуде онлайн қызметін
пайдалануды күшейтеміз. Мәселен, қоғаммен байланыстың бір әдісі ретінде «Қазпочта»
акционерлік қоғамымен бірлесіп, Skype жүйесі арқылы тұрғындармен бейне байланыс
жасауды қол алып жатырмыз. Қазіргі күні аймақ бойынша үш ауданда осы шаруа
жолға қойылуда, – дей келе Наурызбай Сейітқалиұлы алдағы уақытта тұрғындар үшін
«электронды партия» қызметі қолжетімді бола түсетінін жеткізді.
Ал облыстық ішкі саясат
басқармасы басшысының орынбасары Айдын Қайроллаевтың баяндауынша, жастар көп
жиналатын қоғамдық орындарда және ЖОО бітіруші түлектер мен жоғары білімді
жастар үшін «Жас Отан» жастар қанатының жанынан құралған «Ақпараттық насихаттық
топ» еріктілері жұмысын жандандырмақ. Яғни мемлекеттік бағдарламалар мен
партиялық жобалар бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, өткен
жылы аталған жоба облыс көлемінде 20 жас қатысуға өтініш білдірген. Оның екеуі
Астана қаласында өткен оқу курсын толық аяқтаған. «Сәтті қадам» жобасы аясында
«Жас Отан» жастар қанаты мен 12 мемлекеттік мекеме арасында меморандум
жасалған. 2013-2014 жылдары жобаға 287 жас қатысуға ниет білдіріпті. Ал жобаға 60
жас қатысып, іс тәжірибеден өткен 4 жас тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, жиналғандар
Саяси кеңестің жаңа құрамымен танысты және басқосуда Саяси кеңес Бюросы отырысының
мәселелері де қаралды.
 Жиын соңында Қырымбек
Көшербаев конференцияға қатысушыларға алғысын білдіре келе болашақтағы
мақсат-міндеттер айқын екендігін айтты және тек табысты еңбек етуге шақырды. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз