ЖҮК АРТҚАН КӨЛІКТЕН ЗИЯН КӨП

42

0

ЖҮК АРТҚАН КӨЛІКТЕН ЗИЯН КӨПЖуырда облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов «Сыр медиа» ЖШС жанындағы коммуникация­лар орталығында журналистермен брифинг өткізді. Ержан Жақсылықұлының айтуынша, республикалық маңызы бар жолдармен жүйткитін ауыр салмақтағы көлік жүргізушілер заңнаманы сақтай бермейді. Мәселен, өткен жылы 750 құқық бұзушылық тіркеліп, 2014 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өскен. «Жалпы салынған айыппұлдар мен жүк автокөліктерінің жүріп өткені үшін алынған сома 260 млн теңгені құрады», – дейді инспекция басшысы.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің 812 шақырымы Сыр өңірінің жеті ауданын қамтиды. Оны пайдаланудың өз тәртібі бар. Айталық, 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында тиісті шектеу енгізіледі. Яғни, жүк көліктерінің рұқсат етілген жалпы салмағы төмендейді. Мұндай шектеу күннің ыстықтығына байланысты 1 маусым мен 31 тамыз айлары аралығында да жүзеге асырылады. Әйтпесе, жол жағдайының мерзімінен бұрын бұзылу қаупін туғызады. Бұндай шектеулер тек қана «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі емес, барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына қолданылады.

Бұл талапқа бағынбағандарға қандай жаза тағайындалады? Мәселен, Жаңақорғаннан Қызылорда қаласына ауыр жүк артып келген көлік заңнаманы бұзса, автокөлік иесі 405 мың төлеуі тиіс. Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 593-бабының 3-бөлігінде салынатын айыппұлдар мөлшері көзделген. Мәселен, 5 тоннаға дейінгі артық салмақ үшін 50-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Салмақ артқан сайын айыппұлдың да еселене түсетіні болса да белгілі. Сондықтан, жүк жөнелтуші заңды және жеке тұлғалар тәртіпке бас игендері абзал. Әйтпесе, жолға зиян келтіріп қана қоймай, айтарлықтай айыппұл арқалайтыны сөзсіз.

 

Нағымжан
САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз