Жұмыстан шығып қалғасын жылыжай ашты

36

0

Жұмыстан шығып қалғасын жылыжай ашты«Қызылорда шағын бизнес» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алған ауыл тұрғыны көкөніс өсірумен айналысуда.
Жәмітбек Төртұлов Қармақшы ауданының Қорқыт стансасында тұрады. Биыл жұмыстан шығып қалған ол отбасын асырау үшін қандай да бір іспен айналысуды ойластырды. Қолынан іс келетін, еңбекқор адам болғандықтан, жылыжай тұрғызуға шешім қабылдады. Ойын іске асыру үшін Кәсіпкерлер палатасына көмек сұрай барды. Кеңеске қаныққан ол жазда жылыжай салумен айналысты.
Өңірлі инвестициялық орталықтан 7 пайыздық мөлшерлемемен алған 3 500 000 теңге несиесіне 500 шаршы метр болатын жылыжай мен оның пешін өз күшімен салып, жылу жүйесін де өзі жүргізіп алды. Тамыз айында жемістерді отырғызуды бастап кетті, қазіргі таңда бизнесмен қияр, қызанақ сияқты көкөністер өсіреді, енді дәмді әрі экологиялық жағынан таза өнімдерін ауылдастары мен көрші жатқан Ақай, Төретам ауылдарының тұрғындарына, Байқоңыр қаласына сатуды жоспарлап отыр. Енді кәсіпкер гүл өсіру үшін екінші жылыжай салмақ.
«Жұмыстан босап қалдым да, отбасымды асырауым керек болды. Басында мал баққым келді. Бірақ, туыстарыммен ақылдаса келе, Сырдарияға жақын қоныстанғандықтан, жылыжаймен айналысуды жөн көрдім. Осы уақытқа дейін жылыжай туралы түсінігім болмағандығына қарамастан, жұмысты бастап кеттім. Жұмыс дұрыс жүріп жатқан секілді, нәтижесі бар, қолымнан келіп жатыр. Болашақта жылыжай аумағын кеңейтіп, ісімді одан әрі дамытқым келеді», – дейді Ж.Төртұлов.
Айта кетерлігі, осы жылдан бастап «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі бірлесе отырып, «Қызылорда шағын бизнес» жобасын іске асыруды бастап кетті. Жобаны жүзеге асыруға ҰКП 300 млн теңге, ал облыс әкімдігі 360 млн теңге бөлді.
Жобаның ерекшелігі – ол ауылды жерлердегі кәсіпкерлерді қаржыландыруға бағытталған. Ауылдықтар үшін банктен несие алу зор мәселе екені анық, өйткені олардың банк талаптарына сәйкес келетіндей кепілге қоятын мүліктері жоқ.
Жобаның мақсаты – шағын бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайту, кооперацияларды дамыту үшін жағдай жасау, ауыл шараушылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жобаларды іске асыру, өндірістік инфрақұрылымды (қоймалар, мал соятын цехтар, тоңазытқыш және суытқыш камералар, логистика) дамытуға және өткізуге (Батыс Еуропа – Батыс Қытай күрежолының бойындағы шағын базарлар мен сауда павильондары) көмектесу, ішкі және сыртқы базар желілері мен дистрибьютерлік желілерді біріктіру.
Қазіргі таңда жалпы сомасы 610 млн теңге болатын 97 жоба іске асырылды.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының  баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз