Жоба аясындағы тиімді жұмыс

56

0

Жоба аясындағы  тиімді жұмысӨңірлік коммуникациялар қызметінде БҰҰ ДБ және сандық технология саласындағы әлемдік көшбасшы SAMSUNG компаниясы ауылдағы әлеуметтік нысандарға жылыжай шаруашылығындағы алдыңғы технологияларды енгізуге бағытталған «Nanum Village» бірлескен жобасының екінші сатысының басталуына орай баспасөз конференциясын өткізді.
Оған облыс әкімінің орынбасары С.Қожа¬ниязов, Қазақстандағы БҰҰ ДБ-ның жобалар бойынша үйлестірушісі Малика Қоянбаева, SAMSUNG компаниясының өкілі Сунг Мин Чо және БҰҰ ДБ Қызылорда облысындағы жоба менеджері Баян Егізбаева қатысты.
Жалпы  БҰҰ ДБ және SAMSUNG компаниясы бірлескен жобасы Қызылорда облысы аумағында жүзеге асырылған «Nanum Village: Ауызсуды қорғаймыз» бірлескен жобасының жалғасы. Жоба аясында 150 тұрғын үй мен 19 әлеуметтік нысан өз учаскелерінде тамшылатып суару технологияларын сәтті пайдаланған. Сонымен бірге аталған жоба балаларды, оңалтудан өтіп жатқан мүгедек жандарды дәруменді тамақтармен қамтамасыз етуге және оқушылардың жаратылыстану ғылымдары бойынша мықты тәжірибелік білім негіздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. 
Жиында сөз алған SAMSUNG ком¬па¬ниясының өкілі Сунг Мин Чо БҰҰ ДБ-ның жаңа технологияларды облысқа ендіру тәжірибесі жайлы айтты. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру шаралары аясында 2014 жылы Қызылорда облысының 6 ауданына энерготиімді жабыны бар жылыжайлар орнатылған. SAMSUNG компаниясының қолдауының арқасында бұл жұмыс өз жалғасын тауып келеді.
Ал, Қазақстандағы БҰҰ ДБ-ның жобалар бойынша үйлестірушісі Малика Қоянбаева жылыжайдан пайдалы өнімдерді алу және қосымша табыс табу мүмкіндіктері азаматтардың игілігін жақсартудың керемет әдісі екенін алға тартты. 
Сонымен қатар, аталған жоба аясында жылыжай ашып, өнім алып отырған мектеп, балабақша қызметкерлері өз тәжірбиелерімен бөлісті. Ақсуат ауылындағы №268 мектептің директоры Күміскүл Серекеева мектеп жанынан ашылған жылыжайдың берген өнімдері мен жетістіктері жайлы бөлісті. Жылыжайдың өнім беруіне оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар, ардагерлер де атсалысқан. Нәтижесінде өнімдерін аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға берілетін тағамдар қатарын толықтырған. Шиелі ауданынан келген Ләззат Пәрменқұлованың айтуынша, өзі басқаратын «Балдырған» балабақшасы  жылыжайды тамшылатып суарудың арқасында көкөніс өнімдерін молынан алыпты. Олар алдағы уақытта бұл жұмыстарын одан әрі жандандырудың жолдарын қарастырып жатқанын айтып, БҰҰ ДБ өкілдері мен SAMSUNG компаниясының мамандарына алғыстарын білдірді.
Сара АДАЙБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз