Жол-көлік оқиғасынан 12 бала зиян шекті

50

0

Жол-көлік оқиғасынан 12 бала зиян шектіҚызылорда. Жыл басынан бері Қызылорда облысында тіркелген 61 жол-көлік оқиғасының 12-сі балғындармен байланысты болып отыр. Осындай жағдайлардың алдын-алу бағытында аймақта «Сіздің жолаушыңыз – бала» атты профилактикалық шарасы өтуде.
Ағымдағы жылдың ақпанында 2 жастан енді асқан Айару әкесімен бірге келе жатып жол апатына ұшыраған. Көліктің артқы орындығында отырған балғын бөбек соқтығысу кезінде алдыңғы терезеге қатты ұрылады. Нәтижесінде ауыр бас зақымымен жан сақтау бөліміне түседі. Қазірде баланың жағдайы жақсы. «Аузы күйген үрлеп ішеді», дегендей қапелімде бармақ тістеп, сан соғып қала жаздаған ата-ана бүгінде бала қауіпсіздігіне жіті көңіл бөледі.«Мен осы көлік оқиғасынан кейін автокөлік креслосына отырғызатын болдым. Белдік тағатын болдық. Ата-аналарға айтар кеңесім болашақта балалар қауіпсіздігі үшін автокресло немесе белдік тағып, қадағалап отыру керек» дейді Айарудың анасы Ақмарал Зарқұмова.
«Акция аясында әкімшілік полиция қызметкерлері медициналық мекемелерге барып, жүкті жас аналарға бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ұстанатын басты қағидаттар жөнінде түсіндірме жүргізді. Бала тасымалына мұқият болу әр ата-анаға шарт. Жол апаты орын алмай-ақ қозғалыстағы көлік кілт тоқтағанның өзінде бала түрлі жарақат алуы мүмкін. Сондай-ақ ересек адам сәбиді қолына ұстап, алдына отырғызуға да болмайды. Оқыс оқиға кезінде бала ауыр салмақ астында қыстырылып қалуы ықтимал» деп хабарлайды ОІІД баспасөз қызметі.  
Қызылорда облысының ІІД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Раушан Шохаева «Үгіт-насихат құралдарын халыққа кеңінен таратып, тек қана автокресло жөнінде ғана емес, жалпы жол-көлік оқиғасын алдын-алуда атқарылатын жұмыстар жайлы бірнеше кездесулер және мектептерде акциялар ұйымдастырылуда» дейді. Шаһар көшелерін қауіпсіз етуге бағытталған шараға мектеп оқушылары да үн қосуда. Жас инспекторлар бастауыш сынып оқушыларына бағдаршамға зер салып, жолды кесіп өту ережелерін түсіндірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз