Жолдау – Қазақстанның жаңа даму дәуірін айқындайтын бағдарлама

52

0

Жолдау - Қазақстанның жаңа даму дәуірін айқындайтын бағдарлама Қазақстанның Үшінші жаңғыруы жаһандық бәсекеге қабілеттілік тұрғысында алдағы жаңғыртулардың қисынды жалғасы. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы мен халыққа үндеу тастауы Қазақстанның бұлжымас саяси дәстүріне айналды. Қазақстан қоғамы Жолдауды тағатсыздана күтеді. Қазіргі Жолдауында да басып өтілген бір кезеңнің қорытындысы шығарылып, алдағы тұрған мақсат-міндеттер айқындалуда. Осы уақытқа дейін Елбасы айтқандай, екі жаңғыру кезеңі өтті. Бұрынғы жолдауларда қабылданған міндеттемелердің арқасында қазіргі таңда жүздеген ауруханалар мен емханалар, мыңдаған мектептер мен балабақшалар, ондаған мың шақырымдық жаңа жолдар, жүздеген мың шаршы метр тұрғын үйлер, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары түрінде  нақты көрініс тауып отыр», – деп тоқталды Г. Исимбаева.
Осы орайда депутат Қазақстанның Үшінші жаңғыруы жаһандық бәсекеге қабілеттілік тұрғысында алдағы жаңғыртулардың қисынды жалғасы әрі перспективалық дамуы деп қабылданатынын атап өтті. Үшінші жаңғыру – бұл мемлекетіміздің өсуі мен әлемнің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қарқынды ену үшін болашаққа бастайтын сенімді көпір. «Ал Елбасы Жолдауында сол үшін қандай іс-шаралар атқарылуы қажет екендігін көрсетіліп отыр. Осы ретте жаңа экономика саласын құру мен дәріптеу, әсіресе,  ІТ-технологияларға негізделген кәсіпорындарды қалыптастыру ескерілуде. Сонымен қатар базалық экономикалық салаларын жаңғыртуға ерекше мән берілді. Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы базалық экономика саласы болып табылады. Бүгінде Елбасының қойып отырған міндеті мен мақсаты жаңа таза әрі табиғи өнімдер мен тағамдарды шығару, сонымен Қазақстан халқын қамтамасыз ету және экспортқа шығару дәрежесіне жету болады. Мұнымен қоса, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, сол арылы халықты жемісті жұмыспен қамтамасыз етуге қол жеткізу ескерілген», – деп нақтылады Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, бұл Жолдауда арнайы басымдылық болып көрсетіліп отырған маңызды мәселе – ол жалпы бүкіл Қазақстанның, оның ішінде әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Тек қауіпсіз мемлекет қана алға қойылған реформаларды жүзеге асыра алады. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдау Қазақстанның жаңа даму дәуірін айқындап беретін негізгі бағдарламалық құжат. Онда белгіленген бес басымдықтың әрбірінің міндеті экономиканың өсімі мен жаппай кәсіпкерікті дамытуды көздейді. Мұндай мақсат халықтың әл-ауқатын жақсарту мен өмір сүру деңгейін төмендетуге жол бермеуді қамтып отыр», – деді Исимбаева.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз