ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ ЖИЫНҒА АРҚАУ БОЛДЫ

41

0

Бейсенбі күні Қызылорда облыстық мәслихаты тұрақты комиссиясының отырысы болып өтті. Депутат Самұрат Имандосав төрағалық еткен жиында «Автомобиль жолдарының жайы және оны жақсарту шаралары туралы» сөз болып, 2013 жылы осы бағытта қабылданған шешімнің орындалу барысы пысықталды.

Облыстағы маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы бүгінде 2245 шақырымнан асады. Оның 56 пайызы қара қиыршықты, 19 пайызы қиыршықты болса, қалғаны топырақты жолдар. Аймағымызда, әсіресе Арал, Қазалы аудандарында автожолдардың сапасы сын көтермейді екен. Бұл туралы арнайы сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарамасының басшысы Марат Бәйімбетов айтып берді. Басқарма басшысының сөзінше, Қазалы ауданы аумағындағы жолдың тең жартысы тозған күйде болса, Аралда бұл көрсеткіш 66 пайызды құрайды. Жауапты мекеме басшысы өз саласындағы мәселелер мен атқарылған жұмыстарын депутаттар алдында жайып салды:

– Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінетін қаржылардың тапшылығынан былтыр біраз қиындыққа тап болдық. Автомобиль жолдарына күрделі, орташа жөндеуге әзірленген құны 599 459 теңге болатын 5 жоба-сметалық құжаттаманың пайдалану мерзімі асып кетті. Соның салдарынан 38,5 шақырым жол жөнделмей қалды. Мұндай жағдай қайталанбас үшін биыл мерзімі таянып қалған жобаларды бірінші кезекте іске асырудамыз. Оның басым көпшілігі Қазалы ауданында жүзеге асып жатыр. Ал басқармаға бөлініп жатқан қаражатты тиімді игеріп, жолдың жайын жақсарту мақсатында биылғы жылға арнайы іс-шара жоспары құрылып, жұмыс жасалып жатыр. Мәселен, биыл облыс аумағында маңызды деген 140 шақырымнан аса жол жөндеуден өтсе, 2016-2018 жылдар аралығында 600 шақырымға жуық жолды қалыпқа келтіреміз деген жоспар бар, – деді Марат Бәйімбетов.

Жиын барысында автожол және көпір құрылысы саласы бойынша білікті мамандардың тапшылығы да халық қалаулыларының назарынан тыс қалмады. Олар облыс әкімі гранты есебінен маман даярлауға басқарама тарапынан сұраныс жасалуы керектігін баса айтты.

– Жол саласындағы нормативтік актілерге жаңашылдық жетіспейді. Әлі күнге Кеңес үкіметі кезеңінде жасалған шарттардың аясынан шыға алмай келеміз. Қарапайым жолдың сапасына көңіл толмайды. Орта жөндеу деңгейімен жол саламыз, келесі жылы ол жоқ болады. Оның не керегі бар? Мемлекеттің миллиондаған қаржысы далаға кетіп
жатыр. Сондықтан жол заманауи құрылыс машиналарын, ауыр көліктерді көтеретін,
қазіргі сұранысқа сай болуы керек. Салада көп жұмыстар атқарылып жатыр,
дегенмен, әлі де болса, техникалық, ұйымдастырушылық жағынан мәселелер шешілмей
келеді, – деді комиссия төрағасы Самұрат Имандосов.

Осылайша,
жолдың жайын жан-жақты саралаған комиссия мүшелері өткір ойларын ортаға
салды. Соның негізінде қаулы қабылданып,
бұл мәселе алдағы уақытта да назарда болатындығы айтылды.

 

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз