ЖОО түлектерінен жұмысқа орналасқаны туралы анықтама талап ету заңды ма?

56

0

ЖОО түлектерінен жұмысқа орналасқаны туралы анықтама талап ету заңды ма?Алдағы уақытта еліміздегі жоғары оқу орындарының тәуелсіз рейтингісі әзірленбек. Оны «Жас Отан» жастар қанатының мұрындық болуымен белсенді жастар қауымы жүзеге асырмақ. Бұл туралы бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырған Қазақстанның шетелдік студенттер ұйымдарының ІІІ Слетінде айтылды. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының баспасөз кызметі хабарлады.
Басқосуда «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов шараға қатысып отырған Білім және ғылым министрлігі өкілінің алдында оқу орындары түлектерінің көкейінде көптен бері жүрген өзекті мәселені көлденең тартты.
Оның айтуынша, жуырда республика бойынша жүргізілген жасырын сауалнама нәтижесінде жоғары оқу орындары түлектерден жұмысқа тұрғандығы туралы анықтама талап ететіні белгілі болған. 
«Түлек жұмыс істей ме, істемей ме – ол оқу орны үшін маңызды емес. Өз рейтингін жоғарылату үшін, әрі Ғылым және білім министрлігі алдында түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналасты деп есеп беру үшін оқу орындары осындай анықтама талап етеді екен. Біз мұндай әрекетті заңсыз деп есептейміз. Осы мәселені қаперіңізге алсаңыз деген өтінішіміз бар», – дейді Нұрлан Сыдықов.
Жиында белгілі болғанындай, алдағы уақытта «Жас Отан» жастар қанаты еліміздегі жоғары оқу орындарының тәуелсіз рейтингін әзірлемекші. Оны әзірлеу барысында оқу ордасында білім алған түлектердің жұмысқа орналасуының, біліктілігінің шынайы көрсеткіші негізге алынбақ. Бұл өз кезегінде жастардың алдағы уақытта білім сапасы жоғары оқу орнын жаңылыспай тауып, лайықты білім алып, мамандықты жоғары деңгейде меңгеріп, одан әрі еңбек нарығынан өз орнын табуына үлкен көмек болмақшы.
 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз