Жүргізуші куәлігін алу қиындады

51

0

Жүргізуші куәлігін алу қиындадыАймағымызда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы салынғалы
бері азаматтардың жүргізуші куәлігін алуы қиындады. Мамандар жаңа жүйе
жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жол апаттарын азайтады дейді.
Сондай-ақ оқу базасы талапқа сай келмейтін автомектептер енді өз жұмысын
тоқтатуы мүмкін. Өйткені барлық автомектептер енді аккредитациялаудан
өтпек.
    Жол апаттарына көбіне жүргізушілерді кінәлап, олар оқыған
автомектептерді жазғырамыз. Әрине бұған дейін жүргізуші куәлігін алу аса
қиынға соқпады. Қалтасында қаржысы барлар куәлікті сатып алып, көлік
тізгінін қолына ала беретін. Енді мұндай заңсыз жеңілдікке жол берілмек
емес. Өйткені мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының
автомектептерден оқып келген талапкерлерге қояр талабы қатал. Сондықтан
автомектептерге өз жұмыстарын жақсартып, жүргізуші даярлауда біраз тер
төгуге тура келеді. Осы мақсатта аймағымызда автомектептер бірлестігі
құрылып, жаңаша жұмыс жасауға білек сыбанысыпты. Бірлестік құрамына
әзіргі 11 автомектеп еніп, бірлесіп жұмыс жасауда.
    – «Ақмешіт-Автомектеп» көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау
жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бірлестік құрамына енген
автомектептер бүгінде талапкерлерді дайындап, алдағы уақытта сынаққа
жібермек. Осы сынақта мектептердің шамасы да айқындалып, жұмыс жасау
қабілеттері де көрініп қалмақ. Сыннан сүрінбеу үшін оқыту ұйымдары оқу
базасын нығайтып, тәжірибелік автокөліктермен жұмыс жасауда. Өйткені
мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында талапкерлер арнайы
сұрақтарға жауап беріп, автокөлікті жүргізіп сынақ тапсырады. Сондықтан
куәлікке қол созғандар барлық талапқа сақадай сай болуы керек.
    Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларына дейін жүргізуші куәлігін
аламын деген 3 мың азаматтың екі жарым мыңы, яғни 70 пайызы сынақтан
өтіп, көлік жүргізуге қол жеткізетін болған. Ал сәуір айында сынақ
тапсырған 600 адамның 15-і ғана сынақтан сүрінбей өткен. Полиция
қызметкерлері бұл жағдайды жол жүру ережесіне енгізілген өзгертулер
себеп болды деп түсіндіреді. Сондықтан олар автомектептер сапалы
жүргізуші даярласа, жол апаттары да азаяр еді дейді.
    Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары
жүргізуші куәлігін беруде ешқандай адам факторы орын алмайды дейді.
Барлығы автоматты түрде жүзеге асып, жүргізушілердің біліктілігіне де
баға беретін сол бейнебақылаулар. Талапкерлер алдымен тест түріндегі 40
сұраққа жауап беріп, одан соң өз білімін практика түрінде дәлелдемек. Ол
үшін арнайы жол белгілері мен бағдаршамдар орнатылған автодромда көлік
жүргізеді.
    Егер сіз сыннан сүрінемін деп үрейленсеңіз осы автодромда ақылы
түрде жаттығуыңызға болады. Ол үшін 1 сағатқа 2 мың 200 теңге төлейсіз.
Қасыңызға орталық инспекторы отырып, сізді сынақ алаңында жаттықтырады.
    Осылайша жүргізуші куәлігін алу үшін көп қиындықтарға кезігуіңіз
мүмкін. Орталық мамандары халықта бұрынғыдай куәлік аламын деген
құлшыныс жоқ дейді. Бірақ талапкер автомектепте оқып біліп, жаттықса бұл
сынақтан сүрінбей өте алатындығын да айтады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз