Журналистер қаламды қалаққа ауыстырды

39

0

Журналистер қаламды қалаққа ауыстырдыБүгін, 25 маусымда Қызылордада қала әкімдігі «Баспасөз және ақпарат қызметкерлері» күні қарсаңында жергілікті мерзімді басылым өкілдерінің қатысуымен «Қызылорданы бірге тұрғызамыз» атты акция өткізді.
Журналистер қауымы облыс орталығының Бейбарыс сұлтан көшесі бойында жас отбасылар үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысы нысанында бас қосты. Шара барысында қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, оларға шығармашылық табыстар тіледі.
Акция аясында журналистердің ер азаматтардан құралған бөлігі үш топқа бөлініп, тас қалаудан, журналист қыз-келіншектер екі топқа бөлініп, сылақ сылаудан жарысқа түсті. Жігіттер үш топқа бөлініп, оларға жетекшілер бекітілді. Алғашқы топқа қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы басшылық жасаса, келесі топқа «Қоғам ТВ» телеарнасының құрылтайшысы, ақын Шәкизада Әбдікәрімов жетекшілік етті, үшінші топтың жетекшісі республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ержан Байтілес болды. Ал қыздардар құралған топтарда тәуелсіз «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа, республикалық «Астана» телеарнасының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Шарипа Сақтапова жетекшілік жасап, өзара бәсеке көрігін қыздырды. 
Нәтижесінде жігіттер арасында кірпіш қалаудан Е. Байтілес жетекшілік жасаған «Өрлеу» тобы, қыздар арасында сылақ сылаудан республикалық «Астана» телеарнасының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ш.Сақтапова басшылық еткен «Меншікті тілшілер» командасы жеңіске жетті. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар, ал жалпы шараға қатысушыларға «Қызылорданы бірге тұрғызамыз» атты логотип жапсырылған құрылысқа арналған құрал-жабдықтар естелік ретінде таратылды. Айта кету керек, журналистер құрылыс жұмыстарын жүргізген нысан Қызылорда қаласындағы Бейбарыс Сұлтан көшесінде «Н. С. С-KZ» ЖШС салып жатқан жас отбасыларына арналған 50 пәтерлік тұрғын үй болып табылады. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз