Журналистер турнирі дүлдүлдерін анықтады

44

0

Сенбі күні Қызылорда облыстық футбол федерациясының (ҚОФФ) ұйымдастыруымен қаладағы №101 орта мектептің «ҚазГерМұнай» алаңында шағын футболдан бұқаралық ақпарат қызметкерлері арасындағы турнир өтті. Қызылорданыңм қалам мен допты серік еткен журналистері бас қосқан додада «Қазақстан-Қызылорда» командасына қарсылас шақ келмеді, деп хабарлайды Қызылорда облыстық футбол федерациясы.

Барлығы бес команда қатысты. Атап айтсақ, «Сыр медиа» орталығы, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы, «Қоғам-тв» телеарнасы және «Меншікті тілшілер» құрамасы мен «Баспасөз қызметкерлері жүлделі орындарға таласты. Ал жүлде қоры мынадай болатын: бірінші орынға кубок медальдармен қоса 50 мың теңге, екінші орынға кубок медальдармен бірге 30 мың теңге және үшінші орынға кубок, медальдар және 20 мың теңге.

Әдетте, футболдан журналистер турнирі залда өтетін. Ал басты фавориттер «Меншікті тілшілер» құрамасы еді. Дегенмен, бұл жолы турнир жасыл алаңда ұйымдастырылып, республикалық телеарналар мен басылымдардың журналистерінен құралған командаға даладағы ойынға үйренісу қиын болды. Есесіне, «Қазақстан-Қызылорда» мен «Баспасөз қызметкерлеріне» қарсылас шақ келмеді. Соңғы турда аталмыш екі команда өзара кездесіп, бас жүлдені сарапқа салды.

Финалмен пара-пар болған соңғы турдағы соңғы ойын өте тартысты өтті. «Баспасөз қызметкерлері» жылдам екі гол соғып, есепте алға шығып кеткенімен Әділ Жақанов бастаған «обл-тв» ұжымы үзіліске дейін есепті теңестіріп үлгерді. Екінші таймда да «Баспасөз қызметкерлерінің» командасы екі рет алға шыққан. Алайда телеарна жігіттері тағы да есепті теңестіріп, ойын 4:4 нәтижесімен аяқталды. Сөйтіп, турнир қорытындысы бойынша, екі команда да 10 ұпайдан еншілегенімен гол айырмашылығы бойынша «Қазақстан-Қызылорда» арнасы бас жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар, үздік номинация иегерлері де анықталып, олар да естелік сыйлықтармен марапатталды. Ал жабылу салтанатында жүлдегерлер мен жеңімпаздарды Қызылорда облыстық футбол федерациясының жауапты хатшысы Ақмарал Төребаева, Қызылорда облыстық ІІД бастығының орынбасары, полковник Әмір Шаймағамбетов, ФИФА ассистенті Серік Жаппасбаев және Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Бауыржан Мәстеков марапаттады.

Ойындардың нәтижелері:

1-тур
Қоғам-тв – Баспасөз қызметкерлері – 1:7
Сыр-Медиа – Меншікті тілшілер – 1:3

2-тур
Баспасөз қызметкерлері – Сыр-Медиа – 3:2
Қазақстан-Қызылорда – Қоғам-тв – 5:1

3-тур
Сыр-Медиа – Қазақстан-Қызылорда – 2:5
Меншікті тілшілер – Баспасөз қызметкерлері – 4:5

4-тур
Қазақстан-Қызылорда – Меншікті тілшілер – 4:1
Қоғам-тв – Сыр-Медиа – 1:7

5-тур
Меншікті тілшілер – Қоғам-тв – 7:2
Баспасөз қызметкерлері – Қазақстан-Қызылорда – 4:4

Номинация иегерлері:
Футболға адалдығы үшін – Нұрлан Дауылбаев (Сыр медиа)
Үздік қақпашы – Тәжмұрат Әлжанов (Баспасөз қызметкерлері)
Үздік қорғаушы – Ерлан Жұматаев (Қоғам-тв)
Үздік шабуылшы – Руслан Әлмағамбетов (Меншікті тілшілер)
Үздік ойыншы – Бауыржан Қожамұратов (Қазақстан-Қызылорда)

Әмір Шаймағамбетов, ҚОФФ Атқару комитетінің мүшесі, облыстық ІІД бастығының орынбасары:
— Журналистердің тек қылқалам шеберлері емес, жасыл алаңның да майталмандары екенін дәлелдеген турнир болды. Барлық команда да өте жақсы өнер көрсетті. Жалпы, бұқаралық футболды осылай журналистер қауымы арқылы бірлесе дамыта беруіміз қажет.

Ақмарал Төребаева, ҚОФФ жауапты хатшысы:
— Біз қазір корпоративтік футболды да осылай қолға ала бермекпіз. Яғни әр сала мамандары арасында турнирлер ұйымдастыру жоспарда бар. Ал журналистер турнирі бұдан былай дәстүрлі түрде жыл сайын қыркүйек айында ұйымдастырылып тұратын болады.

Әділ Жақанов, «Қазақстан-Қызылорда» командасының капитаны:
— Командалар өте мықты дайындықпен келіпті бұл турнирге. Жеңіске жету оңай болған жоқ. Басты бәсекелестеріміз «Меншікті тілшілер» болады деп ойлағанбыз. Бірақ «Баспасөз қызметкерлері» де тамаша ойын өрнегін көрсетті. Жалпы, жоғары деңгейде өткізгендері үшін турнир ұйымдастырушыларына алғыс айтамыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз