Журналистер турнирі қызықты өтті

47

0

Журналистер турнирі қызықты өттіБайланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне орай журналистер арасында шағын футболдан Қызылордада облыс әкімінің жүлдесі үшін турнир өтті. 
Төртінші билік өкілдерінің арасындағы турнирде тұңғыш рет облыс әкімінің жүлдесі сарапқа салынды. Ақпарат майданының сарбаздары жұмыстың қауырттығына қарамастан спортты серік етіп жүргендерін бүгінгі бәсекеде дәлелдеді. Жарысқа облыстық және аудандық басылымдарды бір шаңырақ астына топтастырған «Сыр медиа», облыс жаңалықтарын еліміздің түкпір-түкпіріне дер кезінде таратып жүрген «Меншікті тілшілер», аймақтың жетекші арнасы – «Қазақстан-Қызылорда», көрерменнің көзайымына айналған қалалық «Қоғам» телеарнасы және мемлекеттік мекемелердің игі істерін насихаттауды мақсат санайтын «Баспасөз қызметі» командалары өзара бақ сынады. 
Турнирде облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова журналистерді төл мерекесімен құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады. 
– Халық пен билік арасында алтын көпір саналатын төртінші билік өкілдерінің төл мерекесі қарсаңында өткізіліп отырған турнирде жаңалық жаршылары спорттан да кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Футбол бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, ұжымдар арасында бірлікті, татулықты арттыруға септігін тигізеді. Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмасын, – деді облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова.
Қарсылас шақ келтірмеген «Қазақстан-Қызылорда» «Меншікті тілшілер» командасы ақтық сында жолығып, соңғысы 2:4 есебімен жеңіске жетті. Үшінші орын үшін талас та тартысты болды. «Сыр медиа» мен «Қоғам тв» ұжымдары негізгі уақытта тең ойнап, жеңімпазды пенальтиден анықтады. Футбол лотореясында «Сыр медиа» командасының жолы болды. «Меншікті тілшілер» командасынан Ержан Байтілес «үздік қақпашы», «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан Әділбек Жақанов «сұрмерген», «Баспасөз қызметінен» Азиз Оразбаев «үздік шабуылшы», «Қоғам» командасынан Жомарт Бакарамов «үздік қорғаушы» номинациясын иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом және қаржылай сыйақымен марапатталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз