Жүйелі істер жалғасын табады

38

0

Жүйелі істер жалғасын табадыХалық пен билік арасындағы байланыстың бір көрінісі – есептi кездесу екендігі белгілі. Өйткені, мұнда халық өңірдің дамуы, экономикалық жетістіктері мен әкімдердің алдағы жоспарлары туралы мәліметтерден хабардар болып, өздерінің ұсыныс-талаптарын ортаға салуға мүмкіндік алады. 
Белгіленген кестеге сай, сейсенбі күні есепті кездесу Аққұм, Ақсу ауылдары мен Жалағаш кентінде өтті. Онда аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, кент әкімі Қожатай Құлмахан мен аталған ауыл әкімдері Темірбек Төлегенов, Нұрлан Мұқашев жергілікті жұртшылық алдында есеп берді. Атқарылған жұмыстар таразыланып, алдағы жоспарлар айшықталған жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев пен аудандық мәслихат депутаттары, бөлім,
мекеме басшылары қатысты.
Сейсенбiдегi кездесу Аққұм ауылынан басталды. Ауылда 380 отбасы, 2120 халық бар. Бұл тіректі елді мекенде мемлекеттік бағдар¬лама аясында жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін бастаған тұрғындар қатары көп. Жалпы, ауылда 212 зейнеткер, 60 мүгедек, 4 жалғызбасты, 5 аз қамтылған отбасы есеп¬те тұрады. Шаруашылықтар мүмкіндігіне қарай әлеуметтік жағдайға көңіл бөліп, мерекелік шараларға және тұрмысы төмен отбасыларына қаржылай, азық-түлікпен көмек беріп келеді. Ай¬талық, «Бақдәулет-57” фермерлік қожалығы өз қаржысы есебінен ауылға 350 орындық тойхана, монша және ипподром құрылыстарын жүргізіліп, ел игі¬лігіне берілді. Соны¬мен бірге, Социалистік Еңбек Ері А.Бисеновтің 90 жылдық мерей¬тойына орай осы қожалықтың де¬меушілігімен мектеп алаңы жөн¬деліп, орталық алаңға «Жастар аллеясы» салынып, А.Бисеновтің бюсті орнатылды. Мұндағы игілікті істер алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Ал, Ақсу округі көлемінде өт¬кен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, мал басының өсуі бай¬қалады. Тұрғындардың үле¬сінде 1320 бас мүйізді ірі қара, 2850 бас уақ мал, 910 бас жылқы,  47 бас түйе тіркелген. 
Елбасы саясатының негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығын дамыту болған¬дықтан, ауылда осы салаға басымдық берілуде. Жергілікті азаматтар мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алып, мал басын көбейтіп, кәсіп көзін тапқан тұрғындардың қатары артуда. Биылғы көрсеткіш бойынша Ақсу ауылында жұмыссыздық деңгейі 2,2 пайызға төмендеген.
Мұнан соң аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында кент әкімі Қ.Құлмаханның есебі тыңдалды. Кент әкімі аппаратының негізгі жұмысы кентті көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазалық сақтау, көше жарығын қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, саяси ахуалды сақтау мақсатына бағытталады. Қазіргі уақытта Жалағаш кентінде  3047 отбасында 14163 адам тұрады. Отбасы  саны өткен жылмен салыстырғанда, 37-ге көбейіп отыр. Соңғы 3 жылда кент орталығындағы отбасы мен халық саны тұрақты өсуде.
Кент әкімінің сөзінше елді мекендерді дамыту бағдарламасы аясында Шоңбай ақын, М.Байтөреев, Алтынбаев, Жаңа қоныс көшелеріне толық тас төселсе, Мырзалиев және Бисенов көшелерінің бір бөлігіне тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ, облыстық бюджеттен қаралған қаржыға Алмағанбетов көшесі орташа жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілер жолы салынған.
Тұрғындар алдында аудан әкімі Т.Дүйсебаев аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды хабарлап, алдағы міндеттерді атап өтті. 
Жалпы, бұл өңірдегі игілікті істер мен елеулі еңбектер көзге көрініп-ақ тұр. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы да көңіл қуантарлық. Жиынға қатысқан жұртшылықтың пікірлері осыған саяды. 
Кездесу соңында тұрғындарды мазалаған мәселелер назарға алынып, шешілу жолдары қаралды.  

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз