Жыр жүйрігі жүз жаста…

50

0

«Сыр елі, жыр елі» деген даңқты сөздің ел ауызына кең тарағаны белгілі. Бұған Сыр сүлейлерінің қосқан үлесі орасан зор. Сыр сүлейлерінің жалғасы менің айтқым келіп отырғаны, Халық ақыны Әбділда Жүргенбаев туралы болмақ.1914 жылы Жалағаш ауданы, Мырзабай ахун ауылында дүниеге келген. 1985 жылы дүниеден өтті.

Сыр бойы ақындарының өлеңдеріне жасынан жаттыққан жырау, әнші, ақын 1938-1948 жылдары Нартай Бекежановтың концерттік бригадасында және Жалағаш, Тереңөзек, Қармақшы аудандарында автоклуб меңгерушісі, «Қызылотау» меңгерушісі болып қызмет атқарады. Қазақ ауыз әдебиетінің жинақтаушысы. «Атымтай Жомарт», «Шәкір – Шәкірәт», «Көрғұлы» дастандарының нұсқаларын Қазақстан ғылым академиясындағы кітапхана қорына тапсырған. Қазақ совет энциклопедиясының 4-томына енген. 1946 жылы Кенен Әзірбаевпен айтысқан. Үмбетәлі Кәрібаев, Рахмет Мәзқожаев секілді ақындармен облыстық, республикалық айтыстарда ел намысын қорғаған. Қазақтың айтулы тұлғалары Сәбит Мұқанов, Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаевтар жоғары бағалаған. Фольклор жинақтаушы ғалым Мардан Байділдаев көптеген әндерін, өлеңдерін кітапқа енгізген.

Ақын Оразбек Беспаев:

Әбділда Жүргенбаев бұл кім еді,

Шаң жұқпас шашасына дүлдүл еді.

Жөні сол тірлігінде ұғынбасақ,

Бір күні шын қадірін білдіреді.

Жүрерміз көпке дейін орнын жоқтап,

Еді деп бұлар нағыз бұлбұл еді, – деп жырласа, ақынның өзі:

Абай демен өзімді, Қасым демен,

Тұнып жатыр демеймін басымда өлең.

Өнерімен халқына қызмет еткен,

Аңқыған Әбділда едім жасымда мен.

Өкініште көп жайды кеш білеміз,

Кеш білеміз десекте ес білеміз.

Бабы келмей көңілдің сондықтанда,

Көнерген домбыра боп естілеміз.

Пендеміз ғой алдандық сағымға да,

Қалт жібермеу ақылмен тануда ма.

Жырау ағаң кешегі, мынау ағаң,

Сәлем бергің келмейді-ау Әбділдаға – деп, бір інісіне ренішін өлең еткен еді.

Рахмет Мәзқожаевпен 1957 жылы айтысқанда

Рахмет жырау:

Саламат сау жүрсің бе, Әбділдажан?

Бір талай көрмегелі болды заман.

Кездестік 40 жылдықтың қарсаңында,

Алдында ұлы тойдың есен аман, – десе,

Әбділда:

Реке, көптен таныс атың маған,

Ініңмін айтқаныңды мақұлдаған.

Сұрасаң есендікті себеппенен,

Кездесті Әбділдадай ақын да аман, – деп ақынның өзі айтқандай, биыл Жылқы жылында 100 жылдық тойы… Осыған орай республикалық ақындар айтысын, жыраулар жарысын өткізіп, Жалағаш ауданынан немесе Қызылорда қаласынан оның құрметіне көше атын берсе, артық болмас еді. Ең болмағанда, ақынның өзінің туған ауылы Мырзабай ауылдық мәдениет үйіне оның есімі берілуі қажет деп есептеймін.

Ақынның өзі айтқандай:

Көңілің талпынғанмен сан асуға,

Енді маған бәрі де жарасуда.

Інілердің алдында именесің,

Келін берген сіңімді қара су да, – деп қынжылып, тірісінде өз бағасын ала алмай кеткен жыр жүйрігінің 100 жылдық тойы өз дәрежесінде тойлануына облыс, аудан басшылары мен ақынын ардақтаған, жырға құмар жұрты жас ұрпаққа танытуға үлес қосар деп үміттенемін.

 
Айдос Рахметов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз