Зорлау және бопсалау қылмыстары толық ашылды

77

0

Зорлау және бопсалау қылмыстары толық ашылдыҚызылорда облысындағы қылмыстың тіркелуі өткен жылы анағұрлым төмендеп, еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда бірінші орында тұр. Есепті мерзімде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 20, 2 пайызға, ауыр қылмыстар саны 10,7 пайызға төмендеген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитов мәлімдеді, – деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Департамент басшысының айтуынша, соңғы жылдары Ішкі істер департаменті мен төменгі құрылымдардың материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталу жағдайы аймақ басшысы мен депутаттық корпустың қолдауымен біршама жақсарған. Өткен жылы ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаржыға, қалалық ішкі істер басқармасының Жедел басқару орталығына 25 бейнебақылау камерасы алынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Жергілікті полиция қызметінің әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бақылау-өткізу пункті орнатылды.
2017 жылы бөлінген қаржыға Жедел басқару орталығына тағы 25 бейнебақылау камерасын, сонымен қатар 36 полиция тірек пунктін орналастыру үшін 36 тұрғын үй-жайын сатып алу жоспарлануда. Облыс көлемінде құқық қорғау бағытында 159 қоғамдық құрылым жұмыс жасауда. 1287 азамат тіркелген аталған ұйым өкілдерінің көмегімен 137 қылмыс ашылып, 259 құқық бұзушы ұсталды. Соның нәтижесінде өткен жылы аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші 2,8 пайызға, кісі өлтіру қылмыстарының ашылуы 0,6 пайызға жақсарса, зорлау және бопсалау қылмыстарының ашылу көрсеткіштері 100 пайызға жетіп отыр. 
Сонымен қатар, тіркелген мал ұрлығы қылмысы 21,7 пайызға төмендеп, қылмыстардың ашылу көрсеткіші 14 пайызға жақсарды.
«Айта кетейік, жасалып жатқан жұмыстарымыздың оң нәтижесі ретінде тұрақты түрде бақташымен қамтылған Шиелі ауданына қарасты Нартай Бекежанов ауылдық округінде соңғы 3 жылда бірде-бір рет мал ұрлығы орын алған жоқ, – дейді ОІІД Криминалды полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ғани Тұрсекеев.
Брифинг барысында ОІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Е.Жәукеевтің және ОІІД Көші-қон полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі С.Омаровтың баяндамалары тыңдалып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз