Білдірдім көңіл қосын жүректі ашып…

49039

0

Мен Астанаға барып, бір үйге түсіп жайланған соң әлеуметтік желі арқылы Елмұраның жағдайын сұраймын. Сонда ол анасынан айырылып қалғанын айтып, жетілігін өткізіп жатқанын естіртеді. Мен көңіл айтып жатырмын. Еш жауап болмады. Содан «Бұл кісіге қара сөзбен кім көңіл айтпай жатыр. Өлеңмен көңілқос білдірейін деп осыны жазып жібердім. Сонда өлеңді оқыған ол ағынан ақтарылып, бар сырын ақтарған еді

Білдірдім көңіл қосын жүректі ашып...

Сыр өңірінің белгілі жырауы, Елмұра Жаңабергенованың анасы, ҚР халық емшілері ассоцациясының мүшесі, талай жанға шипа жасаған емші Әбуова Қантай 03.10.2019  жылы 69 жасында дүниеден озған.

Уа, алаштың Ел мұрасы,

Көненің көмбе ұрасы.

Жыраулардың кеше өткен,

Бүгін шыққан шұғасы.

Жайсыз хабар естідік

Жапырылып түскендей,

Дуалдың жаппа бұғасы.

Пенделік шошып тұрғанмен,

Тәнірдің бопты расы.

Жотадан ойпат тапқандай,

Бұл өмірдің тырашы.

Сол ойпатқа тамшыдан

Жиналған су құлайды,

Жырылып бір күн жырасы.

Адам коян ажал таз,

Кең жазылған құлашы.

Қалағанын кұдайдың

Кімдер бермей қалыпты,

Жан жағыннан сұрашы.

Төрт бөліп ойды лағнет

Дейтіндей кері бұрашы.

Алланы алдап кетердей

Сөз етеміз бұлғақтап

Бергендей сусын сырашы.

Өмір деген сарайдың,

Болады кіріс-шығасы.

Бұның жөнін бек білер

Текті сөзден қор жиған

Қазақтың Елмұрасы.

Басыңа қайғы түсіп тұр,

Жүрегің мұздан үсіп тұр.

Кеңшілік еткен құдайым

Дәл бүгіндер болғанда

Еміздіктен қысып тұр.

Тамырынан опырылып,

Байтерегің құлады.

Дінгегінен кесіліп

Жемісті талың сұлады.

Көздігінен бітелді,

Мейіріміңді қандырған,

Құдайдың қайнар бұлағы.

Майы бітсе сөнбей ме?

Пілтелі шамның шырағы.

Шыққан күн анық батады

Сол сынақты адамның

Бұл өмір емес тұрағы.

Шанқ етіп бір күн келеді,

Ақиық ажал қырағы.

Құтылмайды одан ешкім де,

Болса да мінген пырағы.

Ханның сөзін тыңдар ед

Ажалдың болса құлағы.

Бидің сөзін тыңдар ед,

Сәнімен келген сылағы.

Пайғамбарды тыңдар ед,

Аллаға тіке қойылған,

Сауалы менен сұрағы.

Елшіден асқан жерің жоқ,

Ойнақтап таста жүрсе де,

Көңілінің ылағы.

Қиғандай түзу тусіпті

Қай адамның құрағы?

Еңсеңді көтер Елмұра,

Сен қазақтың арысың.

Бұрыммен туған нарысың.

Жетесінен жасыса,

Басы қайқы алдаспан

Сілтеніп калай жарысын.

Сен ғана емес жерлеген

Батыр қызды әкелген

Ана боп өткен арысын.

Бұл қазақтың қайғысы,

Біле білсеңіз барысын.

Сондықтан да апажан

Халқыңа көңіл айт,

Жоғалтып тұрған табысын.

Тектіден туған тектім-ау

Сынбаған Сырдын сағысың.

Сөйлесе сөздің жағысың

Еңсесі елдің түсіп тұр,

Өртеніп іші ысып тұр,

Қайғыға бұрып ағысын.

Батырып өзің басу айт,

Келтіргендей қағысын.

Болмаса бізде денгей жоқ

Өзіңіздей ой қозғап,

Келтіретін нағышын.

Болса да елің арландай

Аңтарылып тосып тұр

Өзіңдей түздің тағысын.

Ақ сүт берген ананы

Кім қияды қабырға.

Қайғы деген қара тас

Көтересің лажың жоқ

Қайысса да қабырға.

Басқалар бет жыртса да

Асылы сөзден нәр алған

Сен келерсің сабырға.

Сілтесе тағдыр қайласын,

Кім жасайды айласын.

Жүгін жинап мәңгіге

Аттанып кеткен ананың

Сапарын кімдер байласын.

Тек тілейміз дұға ғып

Мейіріміне алып жаратқан

Жұмақтан жайын сайласын.

Менен жақсы білесіз

Осындай наубет түскенде

Сабырлық берген пайдасын.

Ірісін істің іріктеп

Алмаушы едің майдасын.

Сол шахатты бой көрсет

Қайғының төгіп шаймасын.

Қамығып көңіл тұрса да,

Пейілің қақтан таймасын.

Ер мінезді Елмұра

Жүректі байла шүкірге,

Алдырмай тілді күпірге.

Өжеттігің кешегі

Өмірдің өзін қайрасын.

Шатпақтап көңіл жөнелттім,

Кешегі сүрлеу ізбенен

Қайсар апам қайдасың.

Сәкен АЛДАШБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<