Редакция

Облыстың ұлттық танымдық-саяси басылымы «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны 1929 жылы 1 шілдеде жарық көрді. Арада 3 жыл өткеннен кейін 1932 жылы басылым аты «Ленин туы» болып өзгертілді. Ал 1938 жылдан 1991 жылға дейін «Ленин жолы» аталып, аймақтың ақпарат тынысына айналды. Еліміз тәуелсіздік алып, тарихи атаулар қайта қалпына келе бастаған шақта, яғни, 1991 жылдың 24 қыркүйегінде газет өзінің ежелгі атауы «Сыр бойымен» қайта қауышты.

1979 жылы басылымның 50 жылдығына орай мемлекеттік жоғары награда – «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Осыдан сәл кейінірек одақтық социалистік жарысты насихаттау мен оның жетістіктерін баспасөз бетінде көрсетуде үздік деп жарияланып, бірсыпыра нұсқалары Мәскеудегі бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үлгі ретінде қойылды.

Уақыт талабы мен мерзім міндеттері газет өміріне елеулі өзгерістер әкелді. 1998 жылдан бастап газет офсеттік тәсілмен басылып шығып, интернет желісін, электронды пошта қызметін пайдалана бастады. «Сыр бойы» 2005 жылы Қазақстан Журналистер академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлығы – «Алтын жұлдызды» «Үздік аймақтық газет» номинациясы бойынша иеленді. Ал  2006 жылы ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантын мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүзеге асырылу барысын терең әрі жан-жақты көрсеткені үшін алды.

Бүгінде газет аптасына 3 мәрте, А-2 форматта (сейсенбі, бейсенбі күндері 4 беттен, сенбі күні 8 бет) 30 мыңнан астам таралыммен жарық көреді. «Сыр бойының» сайтын күнделікті 1000-нан астам оқырман қарайды.    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<