Құрылтай

Ауыл жастарының өнерін айшықтаған «Ауыл Vibe, Retro Night» байқауы

8

0

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Шиеліде ауыл жастарының шығармашылығын қолдауға, ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Ауыл Vibe, Retro Night» жобасы өз жалғасын тапты.

Апта сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан мәдени жоба ауылдық округтердің өнерпаз жастарына өз таланттарын танытып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік беріп келеді.

Кезекті шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов қатысып, өнерпаздар мен көрермендерге ізгі тілегін білдірді. Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде мұндай мәдени жобалардың жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ауылдық округтер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Бұл жолы Қарғалы және Ақмая ауылдық округтерінің өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, көрерменге өздерінің дайындаған шығармашылық бағдарламаларын ұсынды. Қатысушылар туған жердің тарихы мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерді түрлі қойылымдар арқылы насихаттап, өнерлерін ортаға салды.

Кеш барысында ретро әндер шырқалып, заманауи музыкалық композициялар мен түрлі шығармашылық нөмірлер ұсынылды. Әсіресе, өткен дәуірдің танымал әндерін жаңа форматта орындау көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың мәдени тынығуына жағдай жасау, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру, қоғамдық белсенділігін қолдау және ауылдық округтердің өнері мен мәдениетін кеңінен таныту.

Сонымен қатар, «Ауыл Vibe, Retro Night» жобасы ретро әндерді заманауи форматта жаңғыртып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін шығармашылық бағытта пайдалануға жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде дәстүрлі өнер мен заманауи технологияны сабақтастыра отырып, мәдени жобалардың жаңа форматта дамуына мүмкіндік береді.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі