Көне шаһардың кемелдену кезеңі

2025

0

Аймақ бюджеті соңғы екі жарым жылда екі есе толығып, 750 млрд теңгеден асты. Облыс орталығы бойынша да бұл жағынан өсім байқалады. 2024 жылдың басында шаһар бюджеті 58,2 млрд теңге болса, жыл соңында 112,7 млрд теңгеге жетті. Түсім де, кіріс те біршама молайған. Қомақты қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны туралы жарты жыл бұрын қызметіне кіріскен Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді.

– Бұл қаржы өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Өткен жылы аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастамалары нәтижесінде барлық салада өсім қалыптасты. Аймақтың негізгі капиталына 640 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 21,7 пайызға өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғарылады. Өңдеу өнеркәсібі 19,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 2,3 пайызға, тұрғын үй 16,9 пайызға, көлік 2,8 пайызға, сауда көлемі 6,6 пайызға артты. Бұл өсімде Қызылорда қаласының үлесі басым, – дейді шаһар басшысы.

Қала экономикасы, құрылысы мен инфрақұрылымында, білім, мәдениет, спорт, медицина, көркейту-көгалдандыру салаларында тың серпіліс сезіледі.

Өткен жылы кәсіпкерлер саны 34 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылғандар саны 65 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлік бағытында 300 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 15 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарда бар. Одан бөлек, «жаңа базар» және «ескі базар» аталып кеткен қос сауда орталығы жаңғыртылады.

Мұнай қоры жыл өткен сайын сарқылып барады. Сондықтан атакәсіп – ауыл шаруашылығынан қол үзбеу керек. Диқандар былтыр 8298 гектар жерге егін егіп, оның жемісін уақытылы жинап алды. Күріштің 3856 гектарынан 51,5 центнер өнім қамбаға құйылды. Облыс, ел ішінде ғана емес, экспорттық сауда айналымында да Сыр салысының үлесі жоғары.

Қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету ісі қарқынды жүруде. Өткен жылы 2 мыңнан астам жерлесіміз тұрғын үйге қол жеткізді. Тұрғын үй құрылысы бағытындағы атап өтерлік ауқымды тірлік Сырдарияның сол жағалауынан алғаш рет 7 қабатты үйлердің салынуы болғаны рас. Осы сияқты жұмыс жалғасын тауып келеді.

– Қаладағы 68 тұрғын үй, оның ішінде 60 көппәтерлі, 8 жеке жер үй апатты жағдайда. Аталған санаттағы 673 отбасы тұрғын үй кезегіне тіркелген. Өткен жылдың соңында 135 отбасыға жаңа пәтерлер сатып алынды. Жақын күндері бұл пәтерлер иелеріне табысталады. Биыл тағы 135 отбасы үшін жаңа қоныс сатып алуға қам жасаймыз. Осылайша апатты үйлер мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі, – дейді Нұржан Ахатов.

Биыл қаланың бас жоспары қайта бекітілмек. Соған сәйкес табиғи газ тартылатын аумақтар аясы кеңейді. Биыл бұл тізімге «Эдельвейс», «Еңбек», «Орбита» саяжайлары қосылып отыр. «Сабалақ» саяжайы мен қаланың «көгілдір отын» жетпеген шағын аудандарын газдандыру ісі жалғасуда. Одан кейін «Қызылөзек» ауылдық округі мен «Бірқазан» елді мекеніне кезек тиеді. Ал өткен жылы қала іргесіндегі «Ақжарма» ауылдық округінің халқы от жағып, күл шығару машақатынан құтылды.

Қала ішінде қарым-қатынас үшін жолдың қолайлы болуы өте маңызды. Осы мақсатта өткен жылы 99 көше жөнделіп, сәні кіріп қалды. Жаңадан Сыр самалы көшесі салынып, әуежай мен Бейбарыс Сұлтан көшесінің аралығы, оңтүстік аудандардан бергі кіреберіс, магистральді Яссауи, Жаппасбай батыр, Е.Көшербаев көшелері төртжолақты болып кеңейді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы да ұлғайып, көлік қозғалысына ыңғайлы мүмкіндік тумақ. Биыл аспалы көпір аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпірі, Астана қаласынан кіретін беттегі Сағымбаев көшесі қайта жаңғыртылады. Сырдария жағалауының бойынан ескі базар мен «Мерей» шағын ауданы аралығына жол салынады. Көлік санының артуына байланысты теміржол астында өткел салу бастамасы көптің көкейіндегіні дөп басты. Қазіргі күні Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржолдың астынан, қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен көпір салынып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ошақтарын салу жұмысы жалғасын табады. Биыл «әл Фараби», «СПМК», «Арай» шағын аудандарында құрылыс қызады. Облыс әкімінің бастамасымен халықаралық стандарттарға жауап беретін орталық стадион бой көтеруде. Жақын күндері «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салына бастайды. Ал жуырда облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы аяқталуға жақын.

– Қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылуда. Тұңғыш Президент, Денсаулық саябақтарында жұмыс жүргізіліп, соңғы үлгідегі аттракциондар қойылады. Субұрқақтар, амфитеатр, жаяу жүргіншілер, велосипед жолдары салынып, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары ашылады. Батырхан Шөкенов атындағы саябақ, Қорқыт ата мемориалды аллеясы абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді. Сонымен қатар Сырдария өзенінің үстінен сол жағалауды «Астана» шағын ауданы және Тұңғыш Президент, Денсаулық саябақтарымен байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарда бар, – дейді шаһар басшысы.

Биыл – Қызылорда қаласының астана болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл. Қала әкімі бұл жалғыз Сыр өңірінің мерейтойы емес, тұтас ұлт, мемлекет тарихына қатысты кезең екенін атап өтті. Осыған орай мерейтойды атап өту тұжырымдамасы мен облыстық іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленіп, оған 40-қа жуық ауқымды іс-шара енгізілді. Соның ішіндегі ең маңыздысы – «Алаш арыстарына» арналған музей, «Тұңғыш астанаға 100 жыл» аллеясы, «Қызылорда Алаштың жүрегінде» атты тарихи-танымдық кітап.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<