Адалдық пен табандылық үлгісі

601

0

Біз бүгін Сыр елінің дамуы мен өрлеу жылнамаларына өз қолтаңбасын өшпес әріптермен жазған айтулы азамат Жарылқасын Шәріпов туралы айтпақпыз. Жарылқасынның атасы Әлжан қарабайыр шаруа адамы болғанӨз әкесі Шәріп 1900 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге амансау оралып, көп жыл Қазалы ауданының мал шаруашылығында еңбек еткен.

Бұл кісілердің атақонысы сағасын Сырдариядан алатын Ақсай арнасының жағалауы  мен дария тасуынан пайда болған – Бозкөл. Жылда тасыған сумен толығып, лайланып, бозарып жататындықтан солай аталып кеткен. Бері келе дарияның тасуы сиреді ме, әлде көлге түсетін су басқа жаққа тартып кетті ме, әйтеуір Бозкөлдің өзі жоғалып, аты қалған.

Ақсайдың арнасындағы Шәріп отбасында дүниеге келген балалар шетіней бергесін, ауылдың сыйлы ақсақалдары соғыс кезінде дүниеге келген ұлға «Құдай осы баланы жарылқасын» деп есімін Жарылқасын қойған.

Ол кезде ауылдағылардың көбі зілмәңкеде тұрған. Бүгінгілер «зілмәңкенің» не екенін білмейді. Ол «землянка» деген орыс сөзінен шыққан атау, қазақша айтқанда жеркепе. Неге екенін қайдам, ауыл адамдары кепе дегеннен гөрі зілмәңке деуді оңай көреді. Зілмәңкедегілер қамысты тұтатып, үстіне жыңғыл, итсигек салып от жаққан. Сол бір заманның таңға жақын төрт бүктетіліп, тоңып оянатын балалары еңбеккеш болып өскен. Үйдің бар жұмысын солар атқарған. Үлкендермен ілесіп ауыр арқалап, кетпен шауып, мал баққан. Сондықтан олар сірі, қайсар, ойлы болып ержетті. 

Жарылқасын мектепке барғанда бес жастан енді асқан екен. Бірақ басқа балалардан қалып қоюды намыс көріп, сабақты үлгеріп оқып кетіпті. Біресе Қуаңдарияға, біресе Қарақұмға көшіп жүретін қойшының баласы әке-шешесінен қалмай жүріп, бірнеше мектеп ауыстырған. Бір жылы Ақсай арнасы тасып, Сталин колхозының мектебін су алып кеткен. Сөйтіп, алты мектепте оқып, 10 класты Қазалы қаласындағы жетім балаларға арналған интернатта бітірген.

1958 жылы мектеп бітіргенде он бес жастағы Жарылқасынға аттестат алудың өзі бір уайым болыпты. Өйткені, туу туралы куәлікке шын жасы түссе, онда оны жоғары оқу орны алмайды. Сонда Ташаузда тепловоз машинисі болып істейтін Нұрғабыл ағасы келе қалып, ЗАГС бөлімшесіне барып, метрикесін өзгертіп берген. Сол кісі өте сымбатты, бойшаң, еңсесі тіп-тік жігіт екен. Оған қоса киген киімі де бөлекше. Сол кезде ешкімде бола бермейтін «коверкот» деген костюмі мен ақ көйлегі жас жігітті мүлде асқақ көрсетіп тұрса керек. Ол сонда хал-актілерін тіркеу бөліміне кіріп барып:

«Мына балаға метрике керек», – депті. Бөлімше қызметкері жас келіншек екен, орнынан атып тұрып, «Өзіңіз толтырып ала беріңіз», – деп таза метрикені қолына ұстатыпты. «Танитын жерде бой сыйлы, танымайтын жерде тон сыйлы» дегендей, Жарылқасын ағасының арқасында аяқасты 17 жастағы жігіт болып шыға келіпті.

Бұл әңгімелерді әшейін еске түсіріп отырған жоқпыз, бүгінде күллі ел атын сыйлайтын азаматтың жолы қандай ауыр болған. Сонша қиындықтарды жеңген жас онан кейінгі өмірдің бар сынынан да сүрінбей өткен. Оның бәрі – әрине, ата-анадан, өсіп-өнген ортадан алған қазығы мықты тәрбиенің жемісі.

Мектепті үздік бітірген Жарылқасын Ташкент ауыл шаруашылығын ирригациялау және механикаландыру инженерлері институтына түсіп, жоғары білім алған соң туған ауылына қайтты. Бала боп аттанып, маман болып келді. Жалғыз боп кетіп, жар тауып оралды. Қызылорда пединститутының түлегі Шәмшәгүл Жылқыбайқызымен бас қосты. 1963 жылы «Бозкөл» совхоздың машина-трактор шеберханасының меңгерушісі болып іске кірісті.

Сол кезде біз «шеберхана» деп қазақшалап жатпай, орыс тіліндегі «мастерской» атауын қолданатын. Совхозда 100-ден астам әртүрлі ауылшаруашылық техникасы бар. Ол техникалар тоқтаусыз жұмыс істегенде ғана шаруашылықтың бойына қан жүгіріп тұрады. Жүгері егу, мал азығын дайындау, шөпті 40-50 шақырым қыстауға тасып, тайлап жинау, малды көшіру – осының бәрі машина мен тракторсыз, ауыл шаруашылығы техникасынсыз атқарылмайды. Бейнелеп айтқанда машина-трактор мастерскойы – совхоздың жүрегі, ал, жүректі соқтырып тұратын – мастерской меңгерушісі.

Осылайша Жарылқасын Бозкөл машина-трактор мастерскойында 1 жыл 7 ай жұмыс істеп, 1965 жылдың сәуір айында аудан басшыларының ұйғаруымен Энгельс совхозының бас инженері болып тағайындалды.

Сол кездегі шаруашылық мамандарының жоғары оқу орнын бітіргендері некен-саяқ. Соны ескерген және жұмысының тиянақтылығын таныған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбжәми Байшуақов жас маман Жарылқасын Шәріпті аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас инженері етіп бекітті. Ауданда 16 шаруашылық болатын. Олар қажетті техникаларын, не қосалқы бөлшектерін дер кезінде ала алмаса, ол шаруашылықтың жұмысының іркілуіне әкеліп соғады. Осындай қиын міндетті жас маман ат үстінен түспей жүріп атқарды.

Сондықтан оны аудан басшылығы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қылып, тағы бір саты жоғары көтерді. Мұнан соң Энгельс совхозына директор болды. Сол кезде жиырма сегіз жаста екен. Оны бұл сенім биігіне әкелген адал еңбегі, ақиқатшыл мінезі болды. Дәл осы жас кезеңінде он мыңдаған мал бағып, жүз мыңдаған ақша ұстайтын совхоз басқару да бір, борап тұрған оққа қарсы бұқпай жүгірген солдат да бір. Алматыға, Орталық комитетке бекуге барғанында Мельник деген ОК хатшысының: «Саған директорлықтың керегі не?» – деп ежірейе қарағаны бар. 

Жарылқасын шаруашылық жайын өзінің жай-күйіндей ұғатын, оған қоса қарапайым жұрттың тілін тауып, сырын түсіне білетін ілгерішіл басшы болды. Бұл біліктілігі оның қызметте онан әрі қарай өсу жолын қалыптастырды. Алайда, ол даңғыл жол емес-ті.

Шаруашылықтарды мамандандыру бойынша қой совхозы болып құрылған Энгельс енді күріш совхозына бейімделді. 1973 жылы шаруашылықтың қол жеткен табыстарына лайықты үлес қосқан совхоз күрішшілері мен механизаторлары мемлекеттік ордендермен, медальдармен марапатталды. Бірсыпыра озат еңбеккерлер меншігіне машина алуға қол жеткізді. Жарылқасын Шәріпов «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанды.

1975 жылы қарашада аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалды.

1986 жылы М.Горбачевтің қайта құру саясатына байланысты аудандық ауыл шаруашылығы басқармалары аудандық агроөнеркәсіп бірлестіктері болып қайта құрылды. Жарылқасын Шәріпов осы бірлестіктің бастығы болып отырды. Ал, 1988 жылы 6 наурызда  облыстық Агроөнеркәсіп комитетінің бастығының материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі орынбасары болды.

1991 жылдың мамыр айында Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, бюро мүшесі, аудандық Совет төрағасы бірнеше міндетті атқаруға кірісті. 1992 жылдың ақпанында республикадағы басқару құрылымдары өзгеріп, алғашқы аудан әкімі болып тағайындалды.

1994 жылдың сәуір айында облыс басшысы Сейілбек Шаухамановтың шақыртуымен Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалды. Жақын іздемей, жақсы іздейтін Сәкеңнің осындай ізгілігі болмысында бар. 

Бұл уақыт жүйенің өзгеруі мен қаржыландырудың тоқтауына байланысты қаладағы мекемелер мен өндіріс орындарының жұмысы тұралап, жағдайдың экономикалық нашарлаған кезі.

Қаланың жағдайы мүлде ауыр. Көпқабатты үйлердің өжіресіндегі су бірінші қабаттағы пәтердің ішіне жайылып жатқанын көрді. Күні бойы қаланы аралап, кешке кеңсесіне келгенде әкімдік алдында қарақұрым жұрт топырлап тұратын. Бәрінің айтатыны бар, бәрінікі жетіспеушілік.

Сол қиындықтардан да бері өтті.

1996 жылдың 27 желтоқсанындағы облыс әкімінің шешімімен облыстық жылжымайтын мүлік орталығының бастығы болып жаңа қызметке кірісті.

1997 жылы тамызда мекеме Әділет министрлігі агенттігінің бағынысына өтіп, мекеме директоры болып қайта тағайындалды. Осы кезден бастап жұмыстың түрі де, көлемі де көбейді. Атап айтқанда, жылжымайтын мүліктерге техникалық төлқұжат дайындау, оның меншік құқығын мемлекеттік тіркеуден өткізу, сол мүліктерді нарықтық қатынасқа сәйкес және салық салуға байланысты бағалау, мүліктерді сату мен сатып алуды қайта тіркеу, мүліктерді кепілге қою, оларға сот шешімімен шектеу қою, яғни егесінің иелік ету еркінен айыру, заңды иелеріне мүлкінің бар-жоғы туралы анықтама беру – осының бәрі заңдармен бекітілген ережелерді басшылыққа ала отырып орындалады.

Осы жылдары барлық мәліметтерді компьютерге енгізу басталды. Ол жұмысты Алматы мен Астана қаласындағы орталықтар арнайы бөлінген қомақты қаржы көмегімен пилоттық жоба арқылы іске асырды. Жағадан алып, жекешелендіру жүріп жатқан кез. Бұл нәрсенің бәрі сауаттылық пен жауаптылықты қажет етті.

2003 жылы Қазалы ауданынан облыстық мәслихатқа депутат болып сайланды. Сайлау сессиясының шешімімен облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болды.

Депутат  алдымен өзін сайлаған округтағы елді мекендер мен ауылдардың аса маңызды мәселелерін әкімдіктің сала басшыларына тиянақты, нақты, дәлелді ұсыныстарымен жеткізе отырып, қолдау тауып, оның сессияда оң шешіліп бекітілуіне ықпал етуі керек.

Депутат қызметтік лауазым емес, ол – мемлекеттік басқару орнындағы оны сайлаған халықтың өкілі. Үнсіз отырса облыстағы көптеген аудандар мен ауылдардың көлеңкесінде мәселені шешу кейінге қала береді. Қазақтың «жыламаған балаға…» деген мақалының мағынасы депутаттың ел алдындағы міндетін атқаруда анық ашылады.

 Екі шақырылымға депутат болған Жарылқасын Шәріпов бар күш-жігерін қоғам мақсатына жұмсап, аманатқа адал бола білді.

Тағдыр бұл азаматты біріне- бірі ұқсамайтын екі қоғамда өмір сүруге жазыпты. Сол өмірінде ол соңынан жақсы сөз ертті, жаны қиналса да, жүзін төмен салмады. Әр кезде әбжіл, қайраттың арынынан қайтпай, ақылдың арнасынан аспай еңбек етті.

Жақында мен ағаның үйіне барғанмын. Бір бөлмесінен көз жауын алған көрме жасапты. Небір әдебиет жауһарларын осы жерден табасыз. Мұнда өзі қызмет етіп жүрген кезде жаздырып алған газет-журналдардың тігіндісіне дейін сақталған. Бір қызығы, тәуелсіздік кезіндегі ағаны жиынға, мерекеге, тойға, асқа шақырған билеттер де қатталып қойыпты. Бұл енді ұқыптылық пен өзінің өмір тарихына деген құрмет.

Қаншама мұқтаждың зәруіне дәру болып, туған елінің әл-ауқатын, рухын түлеткен Жарылқасын аға жайлы айтатын сөз көп. Біздің сөзіміз адами болмысында адалдық пен табандылық үлгісін танытқан ұстынды ғұмырдың зырылдап өткізген кино таспасындай ғана бір көріністері.

Дүйсенбек Аяшұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<