Алғысқа бөленген азамат еді

637

0

Менің өмірлік тәжірибеден байқағаным білім  оқумен, ізденумен, ал  тәрбие, әдеп, бір сөзбен айтқанда зиялылық әке-шеше, ата-баба қанымен келетін тектілік пен  ізгі қасиеттердің қосындысы деуге болады. Олай дейтінім, менің досым  Сексенәлі мектепте жүрген кезінен бастап-ақ,  іскерлік қабілетін көрсете бастады. Ол өзіне міндеттелген қоғамдық жұмыстарға басшылық жасап қана қоймай, оқушыларға ізгі бастамаларымен ықпал ететін.

Сол кезде бізге Кәрима Өмірбекова апай жетекшілік  жасады. Сексенәлінің іскерлік қабілеті балаларды еңбекке жұмылдыруда нақты көрініс берді. Ол ұстазымызға көмекші бола білді. Мектептің комсомол комитетінің хатшысы болған  одан білімі төмен, тәртібі нашар оқушылар жиналысқа салады деп сескенетін. Оның ұйымдастырушылық қабілетін еріксіз мойындап, айтқанын екі етпейтін. Біздің мектепте оқушылар Сексенәлі мен Тынымбайдан, Сарадан және Гүлхан Алданазарова апайдан аяғын тартатын. Сексенәлі комсомол комитетін, Тынымбай Нұрмағанбетов оқушылар комитетін, ал Сара Әлиакбарова пионерлер дружинасын басқаратын. Тәртібі төмен, сабақты нашар оқитын оқушыларды үш ұйым бірлесіп талқыға салғанда, «кінәлілер» тығылатын тесік таппайтын. Ал, Гүлхан апай қыздар комитетінің төрайымы ретінде қыздарды уысында ұстап, қылтың-сылтыңы барларды бір шыбықпен айдайтын. Осындай белсенді басшылықтың арқасында мектептегі жалпы оқу тәрбие жұмысының сапасы сол кезеңде жоғары деңгейге көтеріліп, мектеп директоры Мағжан Маханбетов ағайымыз аудан басшыларының сеніміне ие болған еді.

Біздің Сексенәлі өзінің саналы ғұмырында қандай жетістікке жетіп, қандай биікке көтерілсе де, оған іскерлігі мен еңбекқорлығының арқасында жетті. Өз басым одан қызмет барысында маған пәленше көмектесті, демеу берді дегенін естіген емеспін.

Институтта жүргенде де өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Жалынды комсомол әскерде жүргенде партия қатарына өтіп алған болатын. Институттың бастауыш партия ұйымының мүшесі болғандықтан оқытушылар санасатын, пікіріне құлақ асатын, әрине ол мұндай артықшылығын оқу барысына пайдаланудан аулақ болды.

Сексенәлімен студенттік құрылыс отрядында бірге болудың сәті түсті. Мен комиссар, ол партиялық бақылау өкілі болып, бүкіл студенттік отрядтардың жұмысын жүйелеп отырды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті осында да жарқырай көрінді, біздің студенттік отрядтың нәтижелі жұмысы бүкіл Одақ бойынша алдыңғы үштіктің қатарынан көрінді.

1973-1976 жылдары облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болған ол 1978 жылдан бастап облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне табан тіреді. Басқарма бастығы Смағұл Ысқақов ағасымен бірге қарапайым жұртшылық арасында «мектептегі тәртібі төмен, оқуы нашар оқушылар ғана жіберілетін мекеме» деген негізсіз пікір қалыптасып кеткен оқу орындарын өмірге аса қажетті мамандар даярлайтын кәсіби мектептерге айналдыруға қол жеткізді. Оқу-тәрбие жұмыстарын ғылыми негізде жолға қойып, жұртшылықтың пікірін өзгертіп, балаларын кәсіптік білім алуға өздері алып келетін жағдайға келтірді. Соның нәтижесінде бүгінде кәсіптік техникалық оқу орындары салалық колледждер статусына ие болды. Әрине, бұл барлық кәсіптік білім орындарының басшыларымен бірге біздің Сәкеңе де оңайға түскен жоқ. Күн-түн демей жұмыс-жұмыс деп жүріп шашын ағартты, кейбір басшылармен сөзге келіп те жүрді, сөз жүзіндегі тұрақсыз достардан ажырап қалды, тіпті отбасылық түсініспеушіліктер де болды. Бірақ беттеген бағытынан, алдына қойған мақсатынан айнымады, кейін шегінбеді. Аянбай еткен еңбектің нәтижесі болар, Сәкең облысты былай қойғанда, республика көлеміндегі кәсіптік білім саласының білгір де бірегей маманы, ақылгөй ардагері еді.

Қазыналы қарт Қаратаудың керемет табиғатының аясында өскен Сексенәлі қоршаған ортаны ерекше сүйіп есейді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Қызылорда облысының басшысы, біртуар азамат Сейілбек Шаухаманов облыс көлемінде «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұран тастап, облыс көлемін, Қызылорда қаласын көгалдандырып, көркейтуге бүкіл елді бағыттады. Осының алдында ғана №9 кәсіптік-техникалық училище директоры Сексенәлі Раханов оқу орнының маңайын сонау өзі өскен Қаратау ағаштарынан қалемше көшет алдырып, жасыл желекке айналдырып, жайнатып қойған болатын. Тұзы мен шаңы шығып, көктемде бәтіңкенің табанын алып қалатын кебір батпаққа туған жеріндегі «Көлтоғаннның» сазынан шым алдырып, оны да жайнатты. Өңірді көркейтіп, көгалдандыруға қосқан үлесін облыстың басшысы С.Шаухаманов осы мақсатты насихаттауға арналған семинарларда тілге тиек етіп жүрді. Артынша облыстық медицина орталығының жаңа салынған ғимаратының айналасын көркейтуге, Қорқыт ата атындағы университеттің төңірегін көгалдандыруға училищеден қалемше көшет алуға өкілдер келіп, Сексенәлі өңірдің гүлденуіне айтарлықтай үлес қосты. Үлкен жолдың бойында орналасқан қазіргі Қызылорда политехникалық колледжінің ауласындағы қалың ағаш сырттан келген мейманды бірден өзіне қаратып, назар аудартады. Осының барлығы – Сексенәлінің іскерлігі мен еңбекқорлығының нәтижесі.

Досымның негізгі мамандығы физика-математика саласы болғанымен, ол – тарихи және танымдық тақырыптарды зерттеген, қаламы жүйрік қаламгер. Бос уақытын шығармашылыққа арнаған жанның қаламынан туған мақалалар мен туындылар жеткілікті. Оның «Әке аманаты», «Маңдайға біткен марқасқа», «Сырдың Смекесі», «Салмақты ойдың сәруары», «Дананың сөзі – ақылдың кені», «Тамыры терең бәйтерек», «Сағындырған сағым жылдар», «Қаратаудан түлеп ұшқан», «Абай туралы айшықтар» атты кітаптары – көзіқарақты оқырманға үлкен олжа. Сол секілді, Алпамыс батыр, 1937-1938 жылдардағы жазықсыз жазаға ұшыраған азаматтар жайлы жазылған мақалалары бар. Осылардың ішінен – «Сырдың Смекесі», «Салмақты ойдың сәруары» кітаптарын айрықша атауға болады. Қызылорда облысында кәсіптік-техникалық білім беру саласының негізін салушылардың бірі Смағұл Ысқақов ағаның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында оның рухын асқақтатып, келер ұрпақтың зердесіне қалдыру үшін есімін кәсіптік мектепке беру арқылы алғаш бастама көтеріп, құзырлы орындарға ұсынуға ықпал жасап, азаматтық танытқанын біреу біліп, біреу білмес.

Ол өзiнiң ақындығы жөнiнде ештеңе де айтпауға тырысады. «Қазақ өлеңнен кенде емес, оған өлең жазып берер болсақ, тек көзін жұмып, аузын ашып таңғалатын өлең жазып беруiмiз керек» дейді Сәкең. Ал, шын мәнінде оның жазған өлеңдері – жүрекке жылы, тілге жеңіл, түйінді ойын аз ғана шумаққа сыйғыза алатын шеберліктің үлгісі. Оның «Сағындырған сағым жылдар» атты мектепті бітіргеніне 50 жыл толуына арналған кітабындағы өз өлеңдері кітаптың көркін ашып, кластастарының көзайымына айналды. Осы орайда айта кететін тағы бір жағдай, біздің ауылдағы №55 С.Қожанов атындағы «Бірлік» орта мектебін бітірушілердің 50 жылдық басқосуын да мектеп тарихында бірінші болып Сексенәлі ұйымдастырды. Біздің рулық шежіремізді жаңғыртушы авторлар сол шежіренің кіріспесіне оның өлеңін лайық көруі тегін емес. Сол себепті болуы керек ақын Мұхамеджан Нұрханов жиені нағашысына әзілдеп, «Сәке, бізге де жазуға бірдеңе қалдырсаңызшы» деп күлдіретін.

Менің «Ұшқан ұяға тағзым» атты кітабыма алғысөз жазып, оның тұсаукесерін ауылда өткізуді ұйымдастырды. Мектеп бітіргенімізге елу жыл толу мерекесіне орай «Ардағым Ақүйігім» әнінің сөзін ардагер ақын Махмұтбай Әмреевке, әнін Сауранбек Елеуовке жаздырып ауылға табыс етті. Ауылда бұрын соңды болмаған, бұл дүниеден озып, бақилыққа аттанған құрбы-құрдастарымызға арнайы ас беруді ұйымдастырып, оған барлық азаматтардың қатысуына ықпал етіп, «Өткендерге салауат – тірілерге аманат» кітабымның тұсаукесерін өткізді. Өзі ауруханада жатса да, досымыз Кемелбеков Қоржынбайдың «Көп күттім көктемімді» кітабын таныстыру рәсімін өткізуге жанашыр болып, Қызылордадан бірқатар ақын жазушылардың келуін қамтамасыз етті. Бүгінгі  ауыл ақсақалдарының бірі Айтуар Шәмшіұлының «Көргендерім мен көңілге түйгендерім» атты кітабын баспаға дайындап, тұсаукесерін ауылда ұйымдастырды. Ақын, әрі сазгер-әнші, жерлес туысымыз Елеусіз Оймауытовтың 12 мың жол болатын өлеңдері мен әндерін жинақтап, оны баспаға дайындауда қыруар еңбек сіңірді. Әсіресе ұмытылып қалған әндерінің ноталарын тауып, оны жаңғыртып қайта жазуда денсаулығына қарамай, күн-түн демей жанашырлық жасауы кімге де өнеге болары хақ.

Сексенәлі елі үшін, елдегі ағайын үшін өзінің жүрегін жұлып беруге әзір азамат екеніне ауылдастардың көзі жеткені анық. Осындай ақжүрек азаматтың жары Гүлнар да өмірлік тірегі болып, әсіресе кейінгі жылдары қатты науқастанғанда жанынан табылып, жанашырына айналды.

Ахмет Рахымұлы.

Алматы қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<