Энергетикалық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

4907

0

Ғалымдар болжамы бойынша таяудағы 50 жыл ішінде әлем халқының саны 1,5 есе өседі екен. Соған сәйкес осы мерзім аралығында әлемдік қуат пайдалану көлемі 2-3 есе артады. Ал қазіргі қуат көздерін пайдалану әсерінен жердің экологиялық проблемалары барған сайын асқынып, биосфераның ластануы, климаттың өзгеруі күшейе береді. Бұл проблемалардың шешімін табу үшін дүниежүзі бойынша Париж халықаралық келісіміне сәйкес көміртекті қолдану көлемі азайтыла береді.  Президент тапсырмасына сәйкес біздің елімізде 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндеті қойылған. Ал әзірге Қазақстанда энергияның 70%-ы көмір отынымен жұмыс істейтін қуат көздерінен алынып отыр. Уақыт өте келе олар газбен жұмыс істеуге көшіріледі.

Осы жоспарға сай Қазақстан 2035 жылға қарай электр қуатын өндіру орындарындағы көмірдің үлесін  40%-ға төмендетуді межелеп отыр. Ал жаңартылған энергия өндіру үлесі  23%, газ генерациясы үлесі 18%, гидроэлектрстанция 7%, АЭС үлесі 12% болады деп болжап отыр.

Мемлекет басшысы оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін алдағы үш жылда қуаттылығы 1000 мегаваттан асатын электр станцияларын салуды тапсырғаны белгілі. Қызылорда қаласында құрылысы жоспарланып отырған қуаттылығы 240 мегават жаңа жылу-электр орталығы – осы газ генерациясы бағыты бойынша қолға алынып жатқан алғашқы жобалардың бірі.

Ол алғаш болып біздің аймақта жүзеге асуда. Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен жоба инвесторы «Акса Энерджи» компаниясының атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Коркут Озтуркмен заманауи үлгідегі электр орталығының құрылысы басталатын жерге капсула салу рәсіміне қатысты.  Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 36 ай ішінде аяқталады. Осылайша 2025 жылы ел игілігіне табысталады.

Бұл іс-шаралардың бәрі – келешек елімізде, оның ішінде оңтүстік өңірлерде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алғышарттары. Алайда болашақта электр энергиясын өндіруді түгелдей газға көшіре де алмайтынымыз белгілі. Оған себеп өндіріліп жатқан газ көлемі шектеулі. Оның үстіне Қазақстанның елді мекендерін болашақта түгелге жуық газдандыру бағдарламасы жүргізілуде. Елді мекендердің көпшілігі «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіліп, жоспарланған қуат көздері газға көшкен кезде газды экспортқа шығару да тоқтайтын болады. Өндіріліп жатқан газ толығымен елдің ішкі мұқтажына жұмсалады.

Кең-байтақ еліміздің тұрғындар саны да, экономикасы да өсіп келеді. Өсім сапалы болу үшін қуат көздері қажет. Ал бұл проблеманы ядролық энергетиканың қатысуынсыз шешу қиынға соғатынын сарапшылар ұдайы еске салуда. Сонымен бірге олар газбен жұмыс істейтін орталықтар өндіретін электр қуаты бағасымен салыстырғанда атом электр станциясында өндірілетін өнім арзанға түсетінін айтуда. Қазақтанда атом электр станциясын салу қажет пе, қажет емес пе деген сұраққа бұдан бұрын жарияланған «АЭС салып алпауыт елдер қатарына қосыла аламыз ба?» деген мақаламызда мүмкіндігінше жауап беруге тырысқан болатынбыз.

Одан бергі уақытта Қазақстан билігі елімізде атом электр станциясын салуға қатысуы мүмкін төрт компанияны атады.  Олар – оңтүстіккореялық «Korea Hydro & Nuclear Power», қытайлық «CNNC», ресейлік «Росатом» және франциялық «EDF» компаниялары. Алайда Энергетика министрлігі мамандарының айтуынша, бірінші кезекте орналасатын жерді анықтау, оны зерделеу және тағы басқа іс-шараларды атқару керек. Бұл жұмыстарға  кем дегенде, бір-екі жылдай кетеді. Содан кейін ғана нақты бір технология және оны жеткізетін компания таңдалады.

Елімізде атом электр станциясын салудағы негізгі тиімділіктердің бірі оған қажетті негізгі шикізат – уранның өзімізде өндірілетіні және уран отын таблеткаларының шығарылуы. Қазақстан – әлемдегі ірі уран өндіруші мемлекет, былтыр ол әлемдік уран жеткізілімінің 46%-ын қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, геологиялық сипаттамаларының арқасында еліміздегі уран кен орындарының басым бөлігі жерасты-ұңғымалық  шаймалау (ЖҰШ) әдісімен игеруге жарамды.

Мамандардың есебіне қарағанда, қазір Қазақстандағы уран қоры – әлемдегі қордың 20%-ы. Тек барлаудан өткен қордың арқасында Қазақстан 1 миллион тонна уран шығара алады. Ал, әлемде жыл сайын уранның 5 мың тоннасы іске жаратылады. Демек, Қазақстандағы уран қоры арқылы әлі көптеген жылдар бойы табыс табуға болады дейді мамандар.

Бастысы қазақстандық уранды табу жолы басқа елдермен салыстырғанда оңай, сондықтан, оның өзіндік құны да айтарлықтай жоғары емес деген де пікір бар. Ұлттық атом компаниясы ретінде «Қазатомөнеркәсіп» Қазақстан аумағындағы уран кен орындарын игеруге басымдық беретін, заңмен бекітілген құқы бар, былтыр әлемдік бастапқы уран өндірудің жиынтық көлемінен шамамен 24%  мөлшерінде компанияның қатысу үлесіне барабар әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Топтың саладағы ең ірі резервтік уран базасы бар. «Қазатомөнеркәсіп» еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан. Денсаулық сақтауға, өнеркәсіптік қауіпсіздікке және қоршаған ортаны қорғауды бақылаудың озық практикалары мен құралдарына (ISO 45001 және ISO 14001 сертификатталған) ерекше назар аудара отырып, жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясын қолданады.

«Қазатомөнеркәсіп» өз қызметін Қазақстанның 5 өңірінде жүзеге асырады. Соның бірі – Қызылорда облысы. Облыс аумағында «Қазатомөнеркәсіп» ҰК-ға қарасты «Байкен-U», «Семізбай-U», «Қызылқұм», «РУ-6» ЖШС секілді кәсіпорындар жұмыс атқарады. Атап өту қажет, уран шала тотығын қайта өңдеу жұмыстарымен «Байкен-U» ЖШС айналысады. Сонымен қатар, серіктестік металлургия өнеркәсібінің құрылымында негізгі үлеске ие. Қаңтар-шілде айларында металлургиялық саласындағы кәсіпорындарда 36,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,4%-ға артқан. Бұл кәсіпорындар жергілікті жерде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарлармасы аясында бірқатар қайырымдылық шаралар мен көркейту, көгалдандыру жүмыстарына атсалысып келе жатқанын айта кету қажет.

Жалпы алғанда еліміздегі уран өндіруші кәсіпорындар жыл сайын мемлекет қазынасына 1,5 млрд доллар шамасында кіріс кіргізіп келеді. Міне осыдан шығар қорытынды – жер астында осынша уран байлығы бар және тиісті отынды да шығаратын Қазақстанның солардан қуат өндіретін станцияны салуы – қисынды іс. Қалай болғанда, соңғы сөз мамандарда. 

Иә, атом электр станциясын салу – ұзаққа созылатын мәселе. Қазір геологиялық, тектоникалық, сейсмологиялық зерттеулерді, табиғи рельефтерді, ландшафттарды, судың қолжетімділігін, адам ресурстарын ескере отырып, ықтимал орналастыру орындарына байланысты зерттеу жүргізіліп жатыр. Ең әуелі осы жұмыстар жасалуы керек. Ал АЭС-ті кім салатынын аталған жұмыстар біткеннен кейін өтетін байқау шешеді. Мұның бәрі сайып келгенде, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<