Үйлесімді жұмыста іркіліс болмайды

527

0

Жылу беру маусымына санаулы күндер ғана қалды. Аймақ тұрғындары күздің ызғары сезілетін уақытта да, қытымыр қыста да жылудан қиындық көрмеуі тиіс. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарда коммуналдық жүйелердің апаты мен ақауларын болдырмау аса маңызды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері және сала басшыларымен бірге жылу беру маусымына дайындық мәселелерін пысықтады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына әзірлігі 100 пайызға жетіп қалған. Жоспар бойынша облысқа жалпы 176,1 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде тұрғындарға 142,5 мың, әлеуметтік нысандарға 33,6 мың тонна керек.

Аймақ басшысы жылу беру маусымы іркіліссіз жүруі керек екенін қатаң ескертті. Сондай-ақ, әкімдер уақыт оздырмай, көмірдің 3 айлық қорын алдын ала жасап алуы тиіс. Жанар-жағармайдың тиісті көлемде жеткізіліп, бекітілген бағада босатылуын бақылауға алуды міндеттеді.

– Жыл сайын күн суытқан кезде облыс орталығындағы көмір қоймаларында қатты отынға сұраныс артып, халық арасында қарбалас туындап, тұрғындардың шағымы көбейеді. Мұны болдырмауымыз керек. Себебі, жақын орналасқан Сырдария, Жалағаш, Шиелі аудандары өздеріне қажетті көмірді  қаладан тасымалдайды. Биыл да осы көрініс қайталануы мүмкін, өйткені аудандарда отын қоры әлі де аз. Осы мәселеге жете көңіл бөліңіздер, – деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі көмір қорын жеткізуде Арал, Жалағаш, Сырдария аудандарының көрсеткіші көңіл көншітпейтінін айтып, әкімдерге 1 қазанға дейін жұмысты үйлестіруді қатаң тапсырды.  

Отырыста облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов қала, аудандардағы көмір қорына деген қажеттілік пен нақты жұмыстарға, қатты отынды тасымалдау мәселесіне тоқталды.

Жиында коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердегі қарыз берешегі мәселесі ашық талқыланды. Аймақ басшысы жұмысты тиімді ұйымдастыра алмай отырған сала басшыларын сынға алып, төлем түсіру мәселесіне жеткілікті деңгейде мән беріп, жұмысты жандандыру қажет деді. Сондай-ақ, білім, мәдениет, денсаулық салаларындағы нысандардың жылумен қамту процесінде ақау туындамауы керек екенін ескертті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<