Ғұламадан жеткен ғибрат

422

0

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілдігіндегі арнайы өкіл Ержан Уәйістің Халықаралық Халифа Алтай қоғамдық қорының төрағасы Әбдірейім Алтаймен кездесуінде қазақтардың Түркияға келгеніне 70 жыл толуына орай тарихтан сыр шертілді. Ә.Алтай арнайы іс-шараға қатысуға барған.

Қазақстанның Шығыс Алтай өңірлеріндегі үлкен көштің арасында болып, көзімен көрген, кейін сол топпен бірге Түркияға өткен Халифа Алтайдың қазақтар үшін еңбегі зор. Алтайдан басталған үлкен көштің басындағы Оспан батыр, Елісхан батыр, Зәйіп тәйжі одан кейін Сұлтан Шәріп, Қалибек, Нұрғожай батыр, Хұсайын тәйжі, Хамза Ұшар, Тоқтабай Топлы, Дәлелхан қажы, т.б. ел ағаларының келелі ісін жалғастыруға қажыр-қайратын жұмсады.

1933 жылы Алтай мен Тарбағатай аймақтарында Гоминдан билігінің лаңкестік әрекетіне ұшыраған Халифа ауылы Құмыл аймағының Баркөл ауданына қоныс аударады. 1940 жылы босқын қазақтармен бірге ауыр да азапты жол арқылы Тибет асып, Үндістанға келеді. Кейін мұсылмандар өлкесі Пакістанға көшеді. Онда «Талиммұл Құран» медресесінде Құран тәпсірі мен парсы тілін үйренеді. 1953 жылы Пакістандағы түрік елшісі Салахатдин Ерболмен кездеседі. Онан соң Түркияға түпкілікті қоныс аударады. Босқын қазақтарды Түрік үкіметі қабылдап, көшіріп алды, үй-жай берді.

Халифа Алтай – қасиетті Құран Кәрім кітабының қазақ тіліндегі тұңғыш аудармашысы, этнограф, түріктанушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының тұңғыш иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Алтайдан ауған ел»,  «Естеліктерім»  кітаптарының авторы. Шығыс Түркістаннан көшкен қазақтардың ауыр күндерін шынайы жазған.

Стамбулда қазақтар көп қоныстанған Қазақкент, Зейтінбұрны сияқты аудандарда мешіт, медресе, діни білім беретін орталықтар салуда еңбегі зор. «Құран әліппесі және иманның шарттары» деп аталатын кітап шығарды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң атажұртқа алғашқылардың бірі болып қоныс аударды. Дінмұхаммед Қонаевпен емен-жарқын әңгімелесіп, ол кісінің Түркияға сапары кезінде Дәлелхан қажы, Тоқтабай Топлы, Мұхаммеди Қылышпен, т.б. бірге қарсы алды. 

Алматыдағы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына қатысып, сөз сөйледі. Өзі аударған Құран Кәрім кітабын сыйлады. Отанына оралған қандастардан Қазақстанның азаматтығын бірінші болып Халифа ата алған еді. Елдің бірнеше облыстарын аралады. Мешіттерде халықпен кездесті. Дін, шариғат төңірегінде әңгіме өрбітті. Жанында Халық жазушысы Қалтай Мұхаммеджанов бірге болды.

Кейін Өскеменде үлкен мешіт салынып, оған Халифа Алтайдың есімі берілді. Бұл істе сол кездегі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қызметі орасан зор. Мешіттің іргетасы қалануынан бітуіне дейін басы-қасында болды. Алматы маңында Қырғауыл ауылындағы мешітке де, Алматыдағы үлкен бір көшеге де ғұламаның есімі берілді.

Ол «Атажұрттан Анадолыға дейін» кітабы үшін «Алаш» сыйлығын алды. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі ісі үшін Абай облысы Аягөз қаласының, сондай-ақ Қызылорда облысы Шиелі ауданының құрметті азаматы болды.

Семейде Абайдың 150 жылдығы мерекесіне арнайы қатысып, құрметті қонағы болып, бата берген де осы Халифа ата болатын.

Оның үлкен ұлы Парижде тұрады. Сондағы қазақ ардагерлері кеңесінің төрағасы. Кіші ұлы Әбдірейім Алтай Түркияның Маниса қаласында туған. Стамбулда  түрік  лицейін бітірген. 1999 жылы әкесіне көмектесу үшін отбасымен Қазақстанға көшіп келді. Әке шаңырағында, Халықаралық Халифа Алтай Қорының жетекшісі.  Қордың мақсаты – діни шежірелер, қазақтың салт-дәстүріндегі ислам қағидаларын насихаттау.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<