Елмен байланыс еңбекті ширатады

415

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы жиында бірқатар аудандар мен Қызылорда қаласының 8 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен қоғамдық-саяси ахуал барысын електен өткізді.

Облыстық мәслихат хатшысы, құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары мен жауапты мамандар қатысқан жиында Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласының әкімі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде орындалған жұмыстарды баяндады.

Оның ішінде елді мекендерге қажетті инфрақұрылым жүргізу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орнын ашу, денсаулық, білім саласындағы іргелі істер сөз болды.

Бұл ретте облыс басшысы халық жиі тұтынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің қажетті қорын әзірлеу, жәрмеңкелер ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, мектеп, аурухана, мәдениет үйлері мен спорт нысандарында жылу процесінің үздіксіз берілуін міндеттеді. Әсіресе, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындығы іркіліссіз болу қажет. Мұнан өзге, көмір қорының тапшылығын болдырмауды қатаң бақылауға алған жөн.

Қала әкіміне қоғамдық көліктердің қозғалысын реттеу және жаңа автобустар алу мәселесін уақыт оздырмай шешу қажет екені айтылды.

Жиында өңір басшысының тапсырмасы негізінде әкім орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары өткізген қоғамдық кездесулердің нәтижелері сөз болды. Тұрғындар тарапынан жолданған сауалдар барысы пысықталды.

Осы ретте Нұрлыбек Нәлібаев ашықтық мәселесіне арнайы тоқталды. Қоғаммен сындарлы диалог орнату кез келген түйткілді проблеманы шешуге жол ашады. Аймақ басшысы әкімдерге халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, реті келсе шешуге ықпал жасау қажет екенін тағы бір ескертті.

– Осыған дейін барлық ауданда менің тапсырмам негізінде орынбасарларым мен құқық қорғау органдарының басшылары қоғамдық кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізді. Біраз мәселелердің түйіні тарқатылды, халық көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Сондықтан, мұндай кездесулерді тағы да ұйымдастыру қажет деп санаймын. 10 қазаннан бастап орынбасарларым, құқық қорғау саласы басшылардың орынбасарлары 1 күн бойы 1 ауданда ашық есік күндерін өткізіп, халықпен пікірлесетін болады. Мұндай тәжірибені ай сайын қолға алуды тапсырамын, – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, облыс әкімінің алдағы халықпен кездесулерінде де құқық қорғау органдарының басшылары қатысады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<