Тәуелсіздік бастауы: барысы мен тағылымы

820

0

Биыл Қазақстан халқы Қазақстанның Егемендік декларациясы қабылданғанының 32-жылын атап өткелі отыр. Декларация сөзінің зандық мағынасы ресми құжаттарда «Заңдық мәні бар мәліметтерді хабарлайтын ресми құжат» деп беріледі. Алғашқы Тәуелсіздік декларациясы АҚШ-та тәуелсіздік үшін соғыс кезінде 1776 жылы

4 шілдеде Филадельфияда өткен ІІ Құрлықтық конгресте қабылданған.

Тәуелсіздік декларациясының негізіне республикалық және демократиялық рухта жасалған Томас Джефферсонның жобасы алынды. Онда 13 британ отарының метрополиядан бөлініп, дербес, тәуелсіз мемлекет – Америка Құрама Штаттарының құрылғаны жарияланды. Тәуелсіздік декларациясы адамдардың заң алдындағы теңдігін, олардың өмір сүруге деген табиғи құқығын, бостандығы мен бақытқа ұмтылуын жариялады. Кейіннен Тәуелсіздік декларациясының қабылданған күні Америка халқының ұлттық мейрамына айналды.

Көптеген ел өз егемендігін тек ХХ ғасырдың соңында алды. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Тарихы ежелгі заманнан бастау алатын, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы ерте заманнан бері өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндіксүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы.

Қазақ елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орын алған көптеген көтерілістер болды. Олар – Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер. Сонау ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама заманынан бастап, 1930-1933 жылдардағы аштық, ел тізгінін ұстаған азаматтардан айырылған ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы қуғын-сүргін,  халқымыздың осынау кең далада өмір сүруін, тарих бетінен ұлт болып жойылып кету қаупін тудырды.

Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Баймұрат, Сартай, Жанқожа батырлар, ХХ ғасырда Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар туған елін қорғауда ерлігімен танымал болып, ел құрметіне бөленді. Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының тарихына айналды. Бас көтеру кеңестік тоталитарлық режимнің күшімен басылса да, жанымызға нұр септі. Қазақ рухының өшпегенін, бабалар өсиетінің жастар бойында сақталғанын көрсетті.

Қазақ халқының ғасырлар бойы күткен арманы Тәуелсіздігі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданған 1990 жылдың 25 қазаны күні жүзеге аса бастады. Еңсемізді тіктеп егемен ел, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да, тастай берік төзімділіктің арқасында күллі әлемге өзінің бар екенін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған, әлемде 9-орынды алып жатқан атамекен жеріміз, тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақ халқы  рухының күштілігімен сақталды.

Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктеріміз, қазақ халқының егемен заманда жаңаша дамуы, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземізді теңестірудегі қадамдарымыз, дәулетті елдермен қарым-қатынас жасаудағы жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – Қазақстан Республикасының егемендігінде.

Тарих толқынында талайды бастан кешірген Қазақ елі 32 жыл бұрын өз егемендігін алған тұста көптеген шетел саясаткерлері «КСРО-ның шекаралас аймақтарында азамат соғысы болады» деп айтқан еді. Бейбітшілік, келісім, тұрақтылық жағдайын ұстанған Қазақстан бұрынғы КСРО кеңістігіндегі әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылып келеді.

Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптес, Орталық Азияда шешуші дауысы бар ел. Әлемдік денгейде өтетін көптеген игі іс-шаралардың платформасы.

Кейінгі кездегі батыл қадамдар ел арасында қолдау тауып, болашағымыздың жарқын екеніне сенім ұялатады. Лайым Қазақстанның алға басқан қадамдары мемлекетіміздің өркендеуіне, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына әкелсін.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік жарияланған  күн – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.

Ұлттық мерекеде Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен ел ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз  желбірей берсін деп тілеймін

Айтжан ОРАЗБАҚОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<