Құрылыстың басты шарты – сапа

470

0

Облыста 2020-2021 жылдары тұрғын үй құрылысына бюджеттен 28,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 934 пәтерлік 128 үй пайдалануға берілген. Биыл 628,7 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі деп жоспарлануда. Алайда олардың сапасы көпшіліктің сынына жиі ұшырап жатады. Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы өзекті мәселелер қаралды. Мұнан өзге де тақырыптар кеңес мүшелерінің талқысына түсті. Оның жұмысына облыстық мәслихат хатшысы  Наурызбай Байқадамов қатысты.

2020-2022 жылдардағы әлеуметтік нысандар мен жол құрылысының жүргізілу барысы және сапасы жайлы облыстық қоғамдық кеңестің құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі комиссия төрайымы Ләззат Бақтыбаева сараптамалық талдауын ұсынды.

–    Құрылыс жұмыстарының сапасы ең бірінші кезекте жоба-сметалық құжаттаманың заңға сәйкес және сапалы жасалуына байланысты. Мысалы, қаладағы 600 орындық мектеп құрылысын жүргізу кезінде жоба-сметалық құжаттама бойынша жоба авторы жіберген қателіктерді тапсырыс беруші немесе мемлекеттік сараптама жасаған маман анықтамаған. Жүргізілген мониторинг барысында алынған жабдықтар сапасының төмендігі, бала денсаулығына қауіпті тұстары белгілі болды, – деді ол. Бір ғана білім беру мекемесінің құрылысынан бірнеше кемшілік анықтаған кеңес мүшелері құзырлы органға хат жолданғанын, қазір қылмыстық іс тергелуде екенін жеткізді.

Құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруда да заңды өрескел бұзу фактілеріне жол берілген. Мәселен, 200 төсектік технологиялық жабдығы бар тез тұрғызылатын модульді аурухана тауарын сатып алуда бірнеше қағидаттар бұзылған.

Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында біраз жоба іске асуда. Алайда осы нысандардың құрылысы «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 33-бабы 6-тармағына сәйкес авторлық, техникалық қадағалауға жатпайды. Сондай-ақ, осы заңға сәйкес жоба-сметалық құжаттамаларға сараптама міндетті емес. Л.Бақтыбаеваның  айтуынша, бұл – оқушылар мен пациенттер өміріне қауіпті. Сондықтан заңға жеке әріптестердің меншікті қаражаты есебінен салынатын нысандардың нысаналы мақсатына қарай адамдар көп шоғырланатын ғимарат құрылысы кезінде оның неше қабат екеніне қарамастан, авторлық, техникалық қадағалауды қатыстыру және ЖСҚ-ға кешенді сараптама өткізуін міндетті қылып енгізу қажет деп санайды.

Баяндамашы «Әділдікті талап ет» акциясы кезінде автожолдарға қатысты бірқатар проблемаларға тап болғанын да жасырмады. Мәселен, жол жөндеу жұмыстарын жоспарлауда мекемелер басқа мүдделі органдармен, коммуналдық қызмет көрсететін орындармен келіспейді. Соның нәтижесінде жол салынып не жөнделіп болғаннан кейін қазылған орындар қайта қалпына келтірілмейді, асфальт үгітіліп деформацияланады.

Құрылыс саласындағы жыл сайын қайталана беретін республикалық ауқымдағы мәселе ол – битум. Маусым кезінде битум зауыттары жоспарлы жөндеуге тоқтап қалады. Бұл мәселеге орай қоғамдық кеңес мүшелері орталық атқарушы орган жыл басында зауыттардың өнім шығару мүмкіндігін ескеріп, өңірлер бойынша лимитті бекітіп, сол арқылы жол құрылысын жоспарлау қажет деп есептейді.

Кеңес отырысында облыстағы құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласында 2020-2022 жылдары атқарылған, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы Ерлан Төрәлиев баяндады.

Биыл 17 әлеуметтік нысанды аяқтау жоспарлануда, қалған 10 нысан келер жылға өтпелі. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша 7 нысан пайдалануға берілген. Жыл басынан барлығы 1764 пәтерді құрайтын 32 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Олар – 10 сатып алу құқығынсыз арендалық және 22 кредиттік тұрғын үй. Жыл соңына дейін 1294 пәтері бар 22 тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру жоспарлануда.

–    Құрылыс саласына кейінгі жылдары құқық қорғау органдары тарапынан тексерулер артқан. Басқарма бойынша 3 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Айталық, құрылыс кезінде ай сайын орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін орындалған жұмыстар актісіне мердігер, авторлық қадағалаушы, техникалық қадағалаушы және басқарманың жауапты маманы қол қойып, қаржы аударылып отырады. Алайда көп жағдайда, тапсырыс берушінің жауапты маманы орындалған жұмыстар актісіне құрылыс объектісіне бармай, тек техникалық және авторлық қадағалаушының орындалған жұмысты растауын басшылыққа алып қол қоюға мәжбүр болады. Осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекеліне жол берілуі мүмкін. Себебі басқарманың құрылыс бөлімінде бүгінде 2 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды. Олардың орындалған жұмыс актісіне ай сайын қол қою алдында барлығының басына барып, қадағалауға мүмкіндігі жоқ, – дейді басқарма басшысы.

Мұнан соң қоғамдық кеңестердің III республикалық мәжілісіне қатысқан Нұрлан Көптілеутегі басқосу туралы ой бөлісті. Елордада өткен іс-шараға барлық өңірден 258 делегат барған.

–    Республикалық мәжілісте қоғамдық кеңестердің қызметін бағалау жүйесін құру, қызметін өзгерту,  қоғамдық тыңдауларға қатысу арқылы азаматтарды талқылауға және шешім қабылдауға қалай тартуға болады  деген мәселелер көтеріліп, талқылаулар мен семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Ауқымды тақырыптарды талқылаған пленарлық отырыстың қоғамдық кеңестер жұмысын үйлестіруде, дамытуда маңызы зор, – деді ол.

Кеңес отырысында қаралған мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар берілді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<