Іскер басшының ізгілікті істері

936

0

№82 Қаратерең орта мектебі – Арал ауданындағы шалғай орналасқан білім ұяларының бірі. Арал теңізі мен Сыр өзенін тел емген бұл ауыл адамдарының басты кәсібі – балық аулау, балық өнімдерін өңдеу, оны сыртқа жөнелту. Бұрын да, қазір де шәкірттер атакәсіптің туын қолға бекем ұстайды. Ұлы еңбекті еншілеген ондай жастар ауылда ондап саналады.

Алайда бұған қарап Кешубай Маханов басқарған №82 орта мектепте ауыл балаларына білім беру деңгейі орташа деген ой тумауы тиіс. Жыл сайынғы ҰБТ-да түлектері ұятқа қалдырмай келеді. Бұған бір мысал, түлектердің елуден астамы еліміздің, алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант арқылы білім алады. Мектеп оқушылары әрбір оқу жылын жүз пайыз үлгеріммен аяқтайды. Аудандағы білім ұяларының көш басынан көрініп келеді.

Мектептің кіші оқу ғимараты осыдан жиырма жыл бұрын Кешубайдың ұйымдастыруымен, ауыл тұрғындарының көмегі арқылы асар әдісімен салынған. Кейін негізгі және кіші оқу ғимараты әбден тозуға айналған тұста директор талай табалдырықты тоздырды. 2013 жылы осы заманғы жаңа ғимарат 300 шәкіртке лайықталып салынып пайдалануға берілді. Жаңаның аты – жаңа. Оқушылардың ойдағыдай білім мен тәрбие алуына онда жан-жақты жағдай жасалды. Мектеп ауласында балалар ойнайтын шағын футбол алаңы, басқа да спорттық құрал-жабдықтар орын тепкен.

Мектеп жанындағы «Ақтолқын» шағын орталығы, балалар үйірмесі тұрақты түрде жұмыс жасайды. Онда 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер топтастырылған. Осы шағын орталықта әдіскер, 5 тәрбиеші, музыка жетекшісі екі топтағы 40 балаға оқу-тәрбие жұмысын жүргізуде. Сондай-ақ мектеп жанындағы өлкетану музейінде ардагер балықшылардың, ел ағаларының, соғыс және еңбек ардагерлерінің деректері, тұтынған құнды заттары менмұндалайды. ХІХ ғасырда Қаратерең ауылы жанындағы Қосаралда біршама жылын айдауда өткізген Т.Шевченкоға арналған көрнекі бұрыш осы жерде орын алған.

Бүгінде 67 жоғары білімді ұстаз 322 шәкіртке уақыт талабына сай тәрбие мен білім беруде. «Серпін» желілік қауымдастық жұмысы жан-жақты жолға қойылған. Мектеп бітіруші түлектерден «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасы бойынша «Серпін-2050» бағдарламасы бағытында 15 түлек білім алуда.

Жетістіктерге барша шәкіртін жұмылдырған Кешубай Маханов оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Нұрлан Көптілеу, Гүлжахан Шүйінішбаеваға, мектептің озат ұстаздары Г.Құдиярова, Е.Өтегенов, Д.Ибрагимовке зор сеніммен қарайды.

Айтпақшы, жоғарыдағы ұлағатты ұстаздардың бірқатары «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы» энциклопедиясына еніп, кеуделеріне «Ұлағатты ұстаз», «Білімді дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгілерін тақты. Ал бірқатарының ҚР Білім және ғылым министрлігінің, білім басқармасының, «Өрлеу» білім-ғылым технологиялық орталығының Алғыс хаттарымен марапатталғаны – өз алдына бір төбе.

Мектепте балаларды спортқа баулу ісі ойдағыдай жолға қойылғанын мақтан етуге болады. Мұнда Арал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы тұрақты жұмыс атқарып келеді. Жас спортшыларды филиал жетекшісі, бірінші дәрежелі былғары қолғап шебері Дамир Ибрагимов жаттықтырады. Араларында мектеп ұжымының үмітін ақтап, биік тұғырдан көрінгендері де баршылық. Мысалы, Қайрат Дәулетханұлы Қызылорда қаласында өткен облыстық турнирде, Астана қаласында өткен республикалық жасөспірімдер біріншілігінде жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлап, барша ауылдастарын бір марқайтып тастады.

Мектеп ұстаздары мен шәкірттерін биік білім белестеріне жұмылдыруда ширек ғасырдан бері тер төгіп келе жатқан Кешубай Маханов – ұжымның нағыз ұйытқысы. Оның мақсаты – оқушыларға туған өлке тарихын таныту арқылы олардың бойына ұлтжандылық, елжандылық сияқты ізгі қасиеттерді мектеп табалдырығынан бастап мінсіз сіңіру. Бұған қоса осынау іргелі отаншылдық сезімді қалыптастыру бағытында мақсатты түрде тәрбие мен білім беру жұмыстарын ұштастыра жүргізу өз жемісін береріне оның сенімі мол.

Білім беру саласындағы өзгерістер, жаңалықтардан қалмау үшін шалғайдағы №82 орта мектептің ұстаздар қауымы да ұдайы ізденіс үстінде. Соның бір айғағы – шәкірттердің білімі мен тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру, өмірден өз орынын табуға мектеп қабырғасынан бастап дағдыландыру. Бұған мектеп ұстаздарының бәрі жауапты. Әр шәкірт ертеңгі ерекше тұлға болып қалыптасуы тиіс.

Осы орайда басшының өз ұстанымы бар. Жоғары білімді педагог тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау тұсында халық депутаттары Қаратерең ауылдық кеңес атқару комитетінің тізгінін ордабұзар отыз жасына жетпей ұстаған. Соған қарамастан ауыл халқының тоқырау толқынынан аман-есен өтуіне бар күш-жігерін аямай жұмсағаны тұрғындардың әлі есінде. 1996 жылы өзі қанат қаққан №82 мектепті басқаруға келгенде алты айлап жалақысы қолдарына тимеген ұжым мүшелерінің ұнжырғасы түсіп кеткен екен. Нарық талаптарымен алғаш бетпе-бет келген ұжым басшысы кешікпей оны да бағындыра білді. Аудандық білім бөлімінің келісімін алып ұжымын ұйымдастырып, пішен, қамыс орып, кірпіш басып, оны сатуға шығарды. Мектептің техникалық қызметкерлері балық аулап, онан түскен қаржы да ортақ қазанға құйылды. Мектеп директоры ұжым мүшелерінің бәрімен ақылдаса отырып, сол ауланған балықтың 2 тоннасын ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларына шөппен қоса тегін таратып беруге қол жеткізді. Бұл қамқорлықтан зейнеткер ұстаздар да қалыс қалмаған. Сондай-ақ 2002 жылы мектеп ұжымы директордың бастамасымен ауылға жақын жердегі «Бегім ана» ескерткіш мұнарасының басына тәу етіп келушілерге арнап түнеухана, екі жылдан кейін ауыл халқының көмегімен «Мәмбетәлі ахун» мешітін салып, пайдалануға берді.

– «Көкарал» бөгетінің құрылысы алғаш басталғанда осылай қарай Астана мен Алматыдан, АҚШ, Германия, Жапония елінен келген шетелдік қонақтардың Кешубайдың дастарқанынан дәм татпағаны кемде-кем, – дейді «Дәулетэнерго» ЖШС директоры Қуанышбай Ердіхалықов.

Бұл ауылдың жол қатынасы 2000 жылға дейін өте күрделі болатын. Шешімін табуына Кешубай араласып, «Қазалы» АҚ-ның басшысы Т.Сақтағановпен келісіп, «Қазалы – Қаратерең», «Арал – Қаратерең» бағыттарына күнделікті жолаушылар көлігі қатынап тұр. Сондай-ақ ауызсу, электр жарығы, жаңа заманғы байланыс құралы жол мәселесінің де орайын келтіруге күш салды.

Уақыт – құстан ұшқыр, желден жүйрік. Пайғамбар жасынан асқан №82 мектеп басшысы К.Махановты ұжымдастары жуырда салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды.

Т.НҰРЖАН-БАЛТА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<