Түйткілді мәселелер талқылауда тарқатылады

384

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Сырдария және Жалағаш аудандарында болып, тұрғындармен жеке қабылдау өткізді.

Сырдария аудандық Мәдениет үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков келді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Серікжан Мырзалы және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов қатысты.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда барлығы 84 азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкіміне 38 тұрғын өз сұрағымен келді. Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, инфрақұрылым жүргізу мәселелерін көтеріп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар түрлі көмектер алудың жолын сұрады.

Қабылдау аясында Нұрлыбек Нәлібаев Шаған және Нағи Ілиясов ауылының шаруалары арасындағы жер үлесі мәселесін тыңдап, екі тараптың уәждеріне құлақ асты.

Аймақ басшысы мәселелерді сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

– Бүгін ауданымызға келген облыс әкімі мен барлық құқық қорғау органдарының басшыларына мәселелерімізді төтесінен қоюға мүмкіндік алдық. Мен Қоғалыкөл ауылы мен Қызылорда қаласы арасындағы жол сапасы мәселесін көтерген едім. Аймақ басшысы аудан әкіміне тиісті тапсырма берді, мәселемнің маңызды екенін алға тартты. Ендігіде жол сапасын жақсартуға арнайы жоба дайындалып, бұл мәселе шешімін табатын болды – дейді аудан тұрғыны Д.Қырдан.

– Ауыл тұрғыны ретінде бізді қоғамдық көлік мәселесі алаңдатып келді. Орайы келгесін облыс әкіміне ауыл тұрғындарының аманатын жеткіздім. Аймақ басшысы ауылда қоғамдық көлік жүргізуге ықпал жасайтынын айтты, – деді Айнаш Жүсіпова.

Ал, құқық қорғау органдарының басшыларына 46 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.

Жеке қабылдаудан кейін облыс әкімі аудандық мәдениет үйінде Президент Жарлығы аясында тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. 

***

Жалағаш ауданында Оқушылар үйінде өткен қоғамдық қабылдауда барлығы 40-тан астам азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкіміне 21 тұрғын өтініш-пікірін білдірсе, қалған сұрақтар бойынша құқық қорғау органдарының басшылары тарапынан заң аясында тиісті түсіндірме жасалды. Жергілікті азаматтар жер телімдерін рәсімдеу, жайылымдық алқапты егістікке ауыстыру, жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек алу, тұрғын үйге қол жеткізу, соғыс ардагеріне мектеп есімін беру, қайтарымсыз грант алу, иесіз жүрген иттерді жою, аяқсу мәселесін көтерді.

Бұл ретте, Қаракеткен ауылдық округін жедел жәрдем автокөлігімен қамтуды сұраған 59 жастағы тұрғынға нақты түсіндірме берілді. Сатып алу процестеріне байланысты жедел жәрдем көлігі 2024 жылы жеткізілмек.

«Облыс әкімінің ауданға келетінін естіп, қабылдауға жазылдым. Жүздесуде інімнің кәсіпкерлік мақсатта грант алу комиссиясына қатысты өзекті сұрағымды қойдым. Бұған дейін жауапты мамандардан жеткілікті деңгейде жауап ала алмадым. Аймақтың әкімі сауалыма бей-жай қарамай, тиісті басшыларға нақты тапсырма берді», – деді облыс әкімінің қабылдауында болған тағы бір тұрғын Гүлжан Бедерова.

Мырзабай ахун ауылының тұрғыны Төребек Тәуіпбаев елді мекенде емхана салып беруді сұрады. Облыс әкімі бұл мәселе назарда бар екенін айтып, қазіргі таңда құрылыс-сметалық құжаттама сараптамадан өткенін мәлімдеді.

–  Облыс әкімінің қабылдауында екі мәселе көтердім. Алғашқысы – өзім тұратын Мырзабай ахун ауылында емхана ескірген, яғни жаңасын салу. Екінші мәселе –ауылдық клуб үйінің жоқтығы. Өтінішімізге құлақ асқан облыс басшылығына тұрғындар атынан алғысымды білдіремін, – деді ол.

Ал, құқық қорғау органдарының басшыларына 19 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.

Аймақ басшысы әрбір мәселені сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ, сапар барысында облыс әкімі тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, аймақ басшысы өткен айдың соңында осы мақсаттағы сапармен Жаңақорған және Арал аудандарында жеке қабылдау өткізіп, 50-ден аса тұрғынның өтінішін қараған болатын.

Жалпы, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір басшысы болып келген сәттен бері 23 рет қабылдау өткізіп, 300-ден астам азаматтың мәселесін саралады.

Ә.Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<