Жиырмасыншы бағыт іске қосылады

768

0

Қалада қоғамдық көліктердің саны мен сапа мәселесі әлі маңызды. Нұрлыбек Нәлібаев облыс басшысы қызметіне келген сәттен автобус паркін жаңартуға ерекше мән беріп, тікелей қолдау көрсетуде. Нәтижесінде 150 автобус алуға қаржы бөлінді. Қазірге дейін қаланың транзиттік әлеуетін дамыту бағытында «Қызылорда автобус паркі» жаңа 60 автобуспен толықты.

Қоғамдық көлік жүйесін тұрақтандыру аясында жылжымалы құрамды жаңалау және бағыттар желісін ұлғайту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұған дейін Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жаңадан лизингке 150 автобус алуға 1,43 млрд теңге қаржы бөлінген. Серіктестік пен аталған Қор және «ҚазТехна» (QazTehna) компаниясымен тиісті шарттарға қол қойып, жұмыс жалғасуда. Қазір 60 автобус келіп, оның 39-ы бағытқа қосылған.       

Білуімізше, автопарктің техникалық базасын қалыптастыру мақсатында бірнеше рет жаңа автобустар алынды. Қазіргі таңда 135 автобус бар. Олардың 60-ы істен шыққан. 75-і жүріп тұр. Қолданыста бес жылдан аса жүрген көліктердің алды жүруге жарамайды. Жаңаны күтіп ұстау, бұзылғанды жөндеу – парк қызметкерлерінің міндеті.

− Таңертең бір бағытқа шыққан автобус  кешке дейін 290 шақырым жол жүреді. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Дегенмен паркте бұзылған көліктерді жөндейтін барлық мамандар бар.  Қазір жөндеуде 30 автобус тұр. Оларға қосалқы бөлшектер қажет. Алматы қаласы арқылы Қытайдан алдырамыз. Тапсырыс беріп қойдық, −  дейді «Қызылорда автобус паркі» серіктестігі өндірістік техникалық бөлім басшысы Ерлан  Сәрсенбаев.

Автобус паркіне D санатындағы бесжылдық тәжірибесі бар  жүргізушілер қажет. Бұрын 240 жүргізуші қызмет атқарған. Олардың көбі осында тәжірибе жинап, Алматы, Астана қалаларына кетіпті. Себебі онда жүргізушілер жалақысы жоғары.

− Қазір 120 жүргізуші бар. Олардың жалақысын кейінгі уақытта 40 пайызға көтердік. Қазір бағытын толық орындаса, қолдарына 150 мың теңге  жалақы алады. Жолда жүретін сағатына байланысты. Әлеуметтік мекеме болған соң мәселелер болып тұрады. Уақытында шешімін табуға тырысамыз, – дейді «Қызылорда автобус паркі» серіктестігінің директоры Руслан Ерсұлтанұлы.

Мамандар айтуынша, тұрғындар өтінішіне сәйкес жаңадан 20-шы бағыт  іске  қосылады. Бұл бағыт Қызылжарма ауылынан бастап, Бейбарыс сұлтан көшесімен жүріп өтіп,  «Арай» шағын ауданын қамтиды.  Картасы дайын бағытқа жақын күндері жолға шығатын жаңа автобустар да келіп тұр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<