Құқық құрығы

346

0

Табиғат қорғау заңнамаларын бұзған

Облыс көлемінде «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Мақсат − табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарды, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерін заңсыз айналымға салғандарды анықтау және жолын кесу,  экологиялық қылмыстарды ашу.

Полицейлер 17  күнде табиғат қорғау заңнамаларын бұзудың 125 дерегін тіркеді. Оның ішінде жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзудың 89 дерегі анықталған.     

Мысалы, полиция қызметкерлері Қармақшы ауданында далалық жерде «Уаз» автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында  автокөліктің жүксалғышынан  жарық шам, бір ұңғылы, 16-калибрлі екі аңшы мылтығы және жабайы жануарлардың өлі денелері тәркіленді. Күдікті ретінде үш азамат ұсталды.  Оған ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Сондай-ақ балық аулау, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзудың 26 дерегі тіркелген. Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы бойынша да әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданған.

Заңсыз қару тәркіленді  

Полицейлер «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 42 жастағы күдікті азаматты тоқтатқан. Оған Қызылорда қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция қызметкері, полиция капитаны Ақжігіт Бақтияр бағыт аралау барысында кездескен.

Тексеру барысында ол өзімен бірге құжаты жоқ ішкі істер органдарында тіркелмеген ИЖ-16 маркалы, нөмірі жоқ, бір ұңғылы, 16-калибрлі аңшы мылтығын заңсыз алып жүргені анықталды. Қару заттай дәлелдеме ретінде алынды.

Құжатсыз қару қолданғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 482-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды.

3 млн 600 мың теңге ақша ұрлаған

Қызылорда қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне кафе иесі ұрлық бойынша арыз түсірген. Белгісіз біреу қызметтік кабинетіндегі сейфтен 3 млн 600 мың теңге ақшасын ұрлап кеткен.

Басқарманың криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 34 жастағы күдікті, осы мекеменің бас аспазы анықталып, ұсталды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Алаяқ алдап соқты

Қызылорда қаласы полиция  басқармасының кезекші бөліміне қала тұрғыны арызданған. Айтуынша, 2022 жылдың сәуір айында белгісіз азаматша, «қала аудандарының бірінде  пәтер алуға көмектесемін» деп сеніміне кіріп, 500 мың теңге қаражатын алып, осы күнге дейін алдап келген.

Басқарманың криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ретінде бұрын сотты болған, 49 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды.  Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігімен («Алаяқтық») сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Жылқы табылды

Қызылорда қаласы полиция басқармасының «Ақсай» полиция бөліміне қала тұрғыны малы ұрланғанын айтып арызданған. Анықталғандай, қала шетінде орналасқан мал базарда байлаулы тұрған жылқысы ұрланған.

Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 36 жастағы азамат анықталып, ұсталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің  188-1-бабы 1-бөлігі 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Өз кезегінде малын  ұрлатқан тұрғын полиция қызметіне шынайы ризашылығын білдірді.

Гүлбану МАҚАЖАН,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<