Тәрбие жайлы толғаныс

323

0

Таяуда баспадан шыққан Шарафадин Алтынбайұлының «Тәрбие басы – талбесік немесе бір өкініш, бір үміт» деп аталатын кітабының мазмұны аты айтып тұрғандай, тәрбие бағытына арналған. Ол түп-тамырымыздан жеткен ұлттық құндылықты ұрпақ бойына терең сіңіріп, өткеніміздің өнегесін қадір тұта білуге үндейтін мағыналы ойлар бар. Отбасы татулығын нығайтудағы ой-пікірін ортаға салып, атаның қанымен, ананың сүтімен даритын тектілік қасиетке сай тәрбие тінін бұзып алмау тұрғысында сөз қозғайды.

Пікір білдірген «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Б.Елеусінов бұл кітап қазіргі таңдағы отбасы тәрбиесінің аңғарылмай, қалтарыста қалған кейбір тұстарын танып-біліп, оларды ұрпақ өсіру барысында пайдаланғысы келетін әрбір әке-шешеге, жалпы қазақ тілді оқырман қауымға аса қажет деп баға беріпті.

Автордың айтуынша, «Дәстүрлер арқылы ғана ұрпақты өнегені бойына сіңіре алатын, өнерді түсіне алатын, әдебиетті оқуға талпынатын, еңбек етуге ұмтылып тұратын етіп баулуға болады. Онсыз, дағдыларды қалыптастырудың алғышартын ұрпақ санасына сіңірем деген ұмтылыстардың бәрі – бос әуре, зая кеткен еңбек, құр кеткен уақыт болып қала береді».

Жалпы кітаптағы «Отбасы ұғымына бойлау – мәңгілікке апарар бастау», «Талбесіктен – бақиға дейін», «Дүниеге келмеген ұрпақтар құпиясы», «Ой толғаулар немесе бір өкініш, бір үміт», «Бұқар жырау сананы тәрбиелеу хақында», «Адамзат болашағы – әйелдер арынан», «Дәстүрлі отбасы және халық тәлімі» сияқты бірнеше тақырыптар бойынша автор отбасы тұтастығының әлеуметтік сипатын айқындайтын дәлелдер ұсынады. Осылайша сөз төркінін ұрпақ тәрбиесіне қатысты болашақта туындайтын өзекті мәселелердің алдын алуға бағыттайды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<