Зорлық-зомбылыққа қарсы акция жалғасуда

329

0

Қызылордада зорлық-зомбылыққа қарсылық білдіру акциясы жалғасты. Акцияға облыстық «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері салалық кәсіподағының белсенділерімен қатар облыстық кәсіподақтардың еңбеккер әйелдер комиссиясы мүшелері үн қосты. Акцияға үн қосу отырысында облыстық кәсіподақтың облыстық филиалы жанындағы әйелдер ісі жөніндегі комиссия мүшесі Гүлжан Абсатова «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясының өткізілу мақсаты мен оны қолдау шаралары туралы әңгімеледі.

Халықаралық еңбек ұйымының «Еңбек саласында зорлық-зомбылық пен алымсақтықты жою туралы» №190 Конвенциясын ратификациялауға жәрдемдесу мен зорлық-зомбылықты жоюдың құқықтық негіздерін нығайту мәселері туралы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Майра Боранбаева сөз қозғады. «2022 жылы акция тақырыбы: «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты бірге жояйық!» тақырыбында өтуде. Еңбек заңнамаларын қолдану тәжірибесінде жұмыс берушілер тарапынан әйелдерге қатысты заң талаптарын бұзушылықты еңбек саласындағы зорлық-зомбылық деп қарастыруға болады. Психологиялық қысым жасау, заңды кепілдіктерді орындамау сияқты келеңсіздіктерді болдырмауда, адам құқығы мен еңбек заңнамасының сақталуын, ұжым мүшелерінің әлеуметтік ахуалын қоғамдық бақылауда кәсіподақтар белсенділік танытуымыз қажет» деп пікірін білдірді комиссия төрайымы.

Қызылорда қаласы Полициясының әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобы инспекторы Алмара Түйешиева аймақта құқық қорғау органдарымен әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысынан хабардар етті.

Отырысқа қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлерінің халықаралық жіктемесімен, оның алдын алу себептері мен шараларымен, өзекті мәселелермен және осы бағыттағы заңнаманы реформалау жөніндегі қоғамда қалыптасқан ұсынымдарды талқылады. Кәсіподақ белсенділері зорлық-зомбылыққа қарсылық білдіруге үндеулерін қағаз беттеріне түсіріп, барша ұйымдарды зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<