Жемқорлықсыз қоғам

583

0

Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 мамырдағы №358 қаулысымен бекітілген жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидасына сәйкес, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту» бағытында мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мәселелері бойынша кездесу өтті.

Басқосуға мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов және қоғам қайраткері, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов арнайы шақырылып, мемлекеттік қызметтегі өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесуге зиялы қауым өкілдерімен бірге жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, қоғамдық даму, облыстық бақылау жөніндегі басқармаларының мемлекеттік қызметкерлері қатысты.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының бас маманы Жанар Қозбағарова заңнамаға енгізілген өгерістер жайлы түсіндірме берсе, қатысушы қонақтар тарапынан әрбір қызметкер өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді атқару мен шешімдер қабылдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу қажеттігі кеңінен сөз болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Мен барлық мемлекеттік қызметшілерден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін» деген болатын. Бүгінде жаңа даму үдерісінің алдында тұрған Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі де сыбайлас жемқорлықпен жалпы ұлттық негізде күресу. Бұл үшін азаматтық қоғамның, әрбір адамның серіктес ретінде қатысуы өте маңызды.

Бүгінде облысымызда сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру бойынша халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары, жастар арасында кездесулер, білікті заңгерлердің ұжымдармен сұхбаттары, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жолдары» тақырыбындағы мақалалар байқауы және басқада көптеген шаралар жүзеге асырылуда.

Кездесу соңында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А.Есмаханов сыбайлас жемқорлық көріністерін жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – әрбір азаматтың берік ұстанымына айналуы тиіс екендігін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<