Форсайт: кешенді әдіс нені меңзейді?

1218

0

Білім барлық жағынан тұрақты дамудың қуатты қозғалтқышы саналады. Ол әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз етуде өте маңызды рөл атқарады. Дамыған және дамушы елдер білім беру жүйесін қайта қарауға және өзгертуге көп көңіл бөледі. Өйткені білім беру – азаматтар мен қоғамды болашаққа дайындауға бағытталған маңызды басымдықтардың бірі. Сондықтан жоғары білім берудегі реформалар жаңа талаптар бойынша даму мақсаттарына жету үшін қажет.

Бiлiм беру жүйесiнiң жоғары оқу орындарының бiлiктi түлектерiн дайындау мүмкiндiгi – кез келген мемлекеттің алдында тұрған басты мiндеттердiң бiрi. Отандық білім беруді дамытудың стратегиялық міндеттері жоғары кәсіби және бәсекеге қабілетті мамандар корпусын қалыптастыруды ғана емес, оның үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін жүйені құруды да талап етеді. Білім еліміздің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің ең маңызды тетігі екендігі баршамызға аян. Білім – болашақтың өзегі, ал оқыту – жаңа маман пайда болатын жол. Тұрақты даму үшін білім беруді жүзеге асырудағы әдіснамалық қиындықтардың бірі оның озық, болжамды сипатымен байланысты. Осы себептерге байланысты болашақта білім беруді жобалау кезінде форсайт технологияларына жүгіну дұрыс сияқты.

Қазіргі заманғы форсайт – әлеуметтік болашақты талдау, сараптау, бағалау, жобалау және іске асырудың, осы жобаларды рефлексивті сүйемелдеудің кешенді әдісі. Форсайт жаһандану жағдайында болжау және басқару үшін арнайы әзірленеді. Форсайт әдістемесінің бірқатар артықшылықтары бар, олар мыналарды қамтиды: кешенді пәнаралық тәсілді, білім беру жүйесіне барлық қатысушылардың зияткерлік әлеуетін белсенді пайдалану мүмкіндігі; қолданыстағы және қалыптасып келе жатқан экономикалық, әлеуметтік және технологиялық трендтерді назарға алу; белгілі бір ұйымға жататындығына қарамастан мүдделі акторларды тарту, мақсатты нұсқауларды қалыптастыру арқылы болашаққа бағдарлау, тіпті болашақты құру; нақты кәсіптік және сабақтас салалардағы зерттеу пәнінде қолданылатын әдістер мен желілерді құру әлеуетінің үйлесімі; өзгерістерге дайындықты қалыптастыру, метакәсіби құзыреттерге алдын ала бейімделу. Форсайт әдістері болашақ құзыреттіліктерді болжау үшін де қолданылады. Осылайша, құзыреттілік форсайты технологиялық өзгерістер мен инновациялар контекстіндегі құзыреттілікке болашақ қажеттіліктерді болжай алады.

Білім беру ұйымдары аймақтық және республикалық деңгейдегі форсайттық зерттеулерге белсенді түрде қатысып қана қоймай, оның әдістемелерін өз даму қажеттіліктеріне бейімдегенін дұрыс санаймыз. Жоғары оқу орындары өз форсайттарына білімі, тәжірибесі, көзқарасы мен тәсілдері жан-жақты қатысушыларды тарта алады. Күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуал, жаңа демографиялық, технологиялық, қаржылық жағдайлар, білім беру қызметтері нарығындағы өзгерістер көрінісі жаңа ойыншыларды, жаңаша ойлайтын білім беру ұйымдарын көруге мүмкіндік береді. Бұл тұста форсайт болашақтың жалпы бейнесін, жеке адамдар мен ұйымдардың келісілген әрекеттерін қалыптастыру құралына айналуы мүмкін.

Білім беру форсайтының мәніне метапәндік, салааралық жаңа технологияларды зерттеу және қолдану жатады. Әлемдік білім беру қауымдастығында лайықты орын алу үшін саланы дамытудың басым бағыттарын тиянақты және сауатты белгілеп, бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажет. Ол үшін келешегі зор жобалар, инновациялық бағдарламалар, технологиялық жаңа енгізілімдер маңызды. Қазіргі уақытта форсайт технологиялары көптеген шет елдерде дамудың негізгі құралына айналды. Оларды жоғары оқу орындарында қолдану студенттерді оқытудың ілгерілеуіне, олардың жаңа әдістемелерді игеруін ынталандыруға, заманауи құралдарды мамандық мақсатына бейімдеуге ықпал етеді.

Осылайша, білім беру форсайты қияли болжамдармен емес, трансформациялық өзгерістермен тікелей байланысты. Білім берудегі форсайт білім беру ұйымының дамуына кедергі келтіретін қиындықтарды түсіну, оқу орындарының болашақ  дамуын  болжау, болашақта сұранысқа ие білім беру қызметтерін айқындау үшін қажет.

Мәселенің қисынын анықтайтын теориялық зерттеуші және оңтайлылықты белгілейтін практиктер объектілер арасындағы өзара тәуелділіктің жалпы сипатын нақты түсінуі үшін жүйелік инновациялық құбылыстарды форсайт технологияларын пайдалана отырып дәйектегені орынды. Сондықтан ең маңызды құбылыстар мен процестердің форсайт технологияларын анықтау үшін терең талдау мен болжауды пайдаланады. Бұл жағдайда білім берудің негізінде жатқан алғышарттардың, факторлардың, қасиеттердің тұрақтылығы мен өзгерісін бақылап отыру қажет. Осы негізде стратегиялық дамудың болжамын анықтап, білім беруді тұрақты дамыту тұжырымдамасын енгізу арқылы білім беру жүйесіндегі жасырын заңдылықтар айқындалады.

Қайрат Бақберген,

«Болашақ» университетінің ректоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<