Комплаенс қызметі деген не?

1340

0

Еліміз жемқорлыққа жол бермейтін мемлекет құруды көздеп отыр. Осыған орай осы қылмысқа қарсы іс-қимыл саясатын жан-жақты жүргізіп келеді. Әсіресе, кейінгі кездері халықаралық стандарттар негізінде қоғамның аталған кеселімен күресу мықтап қолға алынды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің мәліметінше, кейінгі екі жылда елімізде 185 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. 2021 жылы 89, осы жылдың он айында 96 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды. Оның басым бөлігі – мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында қаржы жымқыру, пара алу фактілері.

Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әр өңірдің жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірлеген. Агенттіктің облыстық департаментінің мәліметінше, аймақтың тәуекелдер картасында жемқорлыққа бейім төрт бағыт айқындалған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жолдар және инфрақұрылым, квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық.

Аталған салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдер мен проблемалық мәселелерді анықтау және оны шешу жолдарын ұсыну мақсатында агенттіктің облыстық департаменті тереңдетілген талдау жүргізуде.

Бұдан бөлек, квазимемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік субъектілерінде жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың жаңа құралы ретінде комплаенс қызметі жұмыс жасайды. Заңнамаға жаңадан енгізілген қызмет өңірдегі 50-ден астам ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бар.

Жалпы, квазимемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу бойынша міндет 2019 жылдың соңынан бастап заңнамалық тұрғыдан енгізілген еді. Оның басты мақсаты – корпоративтік адалдық стандарттарының сақталуын бақылау. Басқаша айтқанда, комплаенс – бизнестің қауіпсіздік жүйесі.

Комплаенс ұғымы бізге шетелден келген. Ол сәйкестік деген мағынаны білдіреді. Аталған қызметтің мақсаты – заңнамалардың сәйкестігін тексеріп, мониторинг жүргізу. Сол сияқты талдау жасау. Одан бөлек, комплаенс қызметі Әдеп кодексінің бұзылуы және сыбайлас жемқорлық әрекетімен күреседі. Бұл қызмет ТМД елдері арасында Қазақстанда алғаш енгізілген.

Осы қызметтің тағы бір маңыздылығы – Қазақстанға инвестиция құюға қызығушылық танытқан кез келген инвестор, алдымен екі мәселені анықтап алады. Бірінші, бизнесті дамытуға қандай жағдай жасалған, екінші, сыбайлас жемқорлық қаупін жою қалай реттелген. Міне, осы тұста комплаенс қызметінің рөлі ерекше.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<